Ауғанстандағы талибтер билігі елдің солтүстігіндегі Коштепа каналының екінші кезегі 99%-ға дайын екенін, Әмудария суы оған «жақын арада» жіберілетінін мәлімдеді. Бұл туралы 25 қарашада Ауғанстанның Ұлттық даму корпорациясына сілтеме жасап, талибтерге жақын «Хуррият» радиосы хабарлады. Канал су ала бастайтын күн айтылмады.
TOLOnews мәліметінше, жер жұмыстары 99%-ға орындалған, ал қалған құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бас су алу ғимараты да бітуге таяу: ол аяқталған соң өзен суы каналға бұрылады.
«Хуррият» радиосының каналдың екінші кезегі туралы жазбасы:
Бір апта бұрын Өзбекстанның су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев Коштепа Әмудария суын 2030 жылға дейін толық көлемде ала бастамайтынын, ал нақты көлемді Ташкент пен Кабул құрылыс аяқталған соң бөлек келісіммен бекітетінін айтқан. Министрдің сөзінше, ауған тарапы суы мол жылы 10 млрд текше метр, суы аз жылы 6 млрд текше метр су алуды көздеп отыр. Хамраев жылына 2 млрд текше метр су алу Өзбекстан үшін қатерлі емес деп санайды, ал 4 млрд текше метр алынса, оның бағалауынша, елдің ауыл шаруашылығына елеулі қатер төнеді.
Қазақстан Әмудария суын тікелей пайдаланбайды, алайда ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылы-ақ салдары туралы ескерткен: көршілерге Әмудария суы жетпей қалса, олар Сырдариядан көбірек су ала бастауы мүмкін, ал бұл Қазақстан мен Аралға әсер етеді.
Ұзындығы шамамен 285 шақырым Коштепа каналын талибтер 2022 жылдан бері салып жатыр. Ұзындығы 108 шақырым бірінші кезегі 2023 жылғы қазанда аяқталды. Каналдың суы Балх, Жаузжан және Фарьяб провинцияларындағы егістікке барады.



