Қазақстан шекарасына жақын Қытайдың батыс аудандарында болып жатқан жер сілкіністері өздігінен аномалия емес, деп Tengrinews-ке берген түсініктемесінде мәлімдеді Қазақстанның ТЖМ. Шыңжаңда магнитудасы 5,1-ге дейінгі дүмпулер бірнеше күн қатарынан тіркеліп жатыр. «Қытайдың батыс аудандары сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан. Жер сілкіністерінің бірнеше күн қатарынан тіркелуі мұндай аумақтарға тән және өздігінен аномалиялық құбылыс болып саналмайды. Сейсмикалық белсенділік жер қыртысындағы кернеудің жинақталуы мен босауына байланысты табиғи тектоникалық процестерден туындайды», – деп түсіндірді ведомство мамандары.
Қазақстандық ұлттық деректер орталығының мәліметінше, 22 қарашада Куча қаласы маңында магнитудасы 4,7 жер сілкінісі болды, сол күні Үрімжіден оңтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым жерде магнитудасы 5,1 дүмпу тіркелді. 23 қарашада Куча маңында тағы екі дүмпу – магнитудасы 4,9 және 4,2, ал 24 қарашада сол жерде магнитудасы 4,0 жер сілкінісі болды. Куча ауданынан Алматыға дейін түзу сызықпен шамамен 500–550 шақырым.
Бұл дүмпулердің бәрі бір процестің бөлігі деп әзірге кесіп айтуға болмайды. Сейсмологтардың айтуынша, бұл өзара байланысты оқиғалар тізбегі, мысалы, күштірек жер сілкінісінен кейінгі афтершоктар болуы да, әртүрлі тектоникалық құрылымдардағы дербес дүмпулер болуы да мүмкін. Мамандар бұл дүмпулер белгілі бір жарылымның белсенділігімен байланысты болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен батыс Қытайдың бір бөлігі Орталық Азияның ортақ сейсмотектоникалық жүйесіне кіреді, сондықтан өңірдегі процестердің бір-біріне әсер етуі мүмкін. «Алайда бір мемлекеттің аумағында жер сілкінісінің болуы дәл сондай оқиғаның екінші мемлекеттің аумағында да міндетті түрде болатынын білдірмейді. Әр жағдай жеке ғылыми бағалауды қажет етеді», – деп атап өтті ТЖМ.
Мамандардың айтуынша, көрші елдерде жер сілкіністерінің жиі болуы өздігінен алаңдауға негіз емес. Алайда Алматы мен Алматы облысы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан, қауіпсіздік шараларын сақтап, жер сілкінісіне үнемі дайын болу керек екенін ведомство еске салды.
Шыңжаңда жер биыл күзде бірінші рет сілкініп отырған жоқ: қазан айының соңында онда магнитудасы 4,7 жер сілкінісі болып, ол кезде көрші Қырғызстанның елді мекендерінде дүмпу сезілмеген.



