Түрікменстан ТАПИ газ құбырының ауған бөлігін салып бітуге жақын: Серхетабадтан Гератқа дейінгі ұзындығы 153 шақырым учаскенің 124 шақырымына жуық құбыр дәнекерленіп, төселді. Бұл туралы Reuters түрікмен шенеуніктеріне сілтеме жасап хабарлады. Учаскені 2026 жылдың соңына дейін салып бітіру, ал Гератқа алғашқы газды 2027 жылдың басында жеткізу жоспарланған.
Ауған БАҚ-тарының мәліметінше, Герат учаскесі шамамен 600 млн долларға түседі. Алғашқыда Ауғанстан жылына шамамен 500 млн текше метр газ сатып алады, ал құбырдың қуаты — 33 млрд текше метр. Ауғанстанның мемлекеттік газ компаниясы Гератқа газ сатып алу жөніндегі алдын ала келісімге тамызда қол қойған, бағасы жария етілмеді.
TAPI Pipeline Company Limited компаниясының басшысы Мухаммедмурат Аманов Reuters агенттігіне Гератқа дейінгі учаске «алғашқы табысты қамтамасыз етіп, кредиторлардың сенімін нығайтуы» тиіс екенін айтты. Ол жобаға қаражатты Азия даму банкі мен Ислам даму банкінен табуға үміттенеді. АДБ талибтер 2021 жылы билікке келгеннен кейін Ауғанстанға тұрақты көмекті тоқтатқанын, бірақ ТАПИ-ге әлі де қатысатынын, ал қаржыландыру туралы шешім жағдайға байланысты болатынын мәлімдеді.
Әзірге Түрікменстан газ құбырын өз қаражатына салып жатыр. Герат учаскесі Пәкістан мен Үндістанға дейін жетуі тиіс ұзындығы 1814 шақырым жалпы трассаның оннан бірінен де аз. Сарапшылардың бағалауынша, ТАПИ-дің жалпы құны шамамен 10 млрд доллар. Талдаушылар мен инвесторлар жобаны күрделі деп санайды: талибтер үкіметін ешкім ресми түрде мойындамайды, Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас әлі де шиеленісті, ал құбыр өтетін Пәкістанның Белуджистан провинциясында сепаратистер көптен бері әрекет етіп келеді. Пәкістанның Түрікменстандағы елшісі Фариал Легари Исламабад ТАПИ-ге әлі де мүдделі екенін жеткізді.
Газ құбырының ұзындығы 214 шақырым түрікмен бөлігі 2024 жылы салынып бітті, сол жылғы қыркүйекте Гератқа дейін құбыр төсеу басталды. Түрікменстан газ қоры бойынша әлемде төртінші орында, бірақ қазір оның экспортының басым бөлігі Қытайға кетеді.



