Өзбекстан жасанды интеллект саласындағы ең ірі әзірлеушілерге — Anthropic, Alibaba, Meta және OpenAI компанияларына көлемі 20 млрд токен болатын өзбек тілінің ұлттық корпусын тегін берді. Бұл туралы 24 қарашада Олий Мажлистің Заң шығарушы палатасында цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов елдегі жасанды интеллектінің дамуы жөнінде депутаттарға есеп беру кезінде айтты. Мақсат — нейрожелілер өзбек тілін жақсырақ түсініп, сол тілде жаза алуы.
Билік жиналған деректерді сатпауды жөн көрді. «Біз бұл корпусты кейін сатып, ақша табу үшін жасаған жоқпыз. Әлемдегі барлық ашық жасанды интеллект платформалары еркін жұмыс істесін. Олар өзбек тілінде неғұрлым жақсы сөйлесе, бізге соғұрлым көп пайда әкеледі», — деді Шерматов. Оның айтуынша, министрлік өзінің есептеу кластерінде өзбек тілімен жақсырақ жұмыс істейтін модельдерді де қатар әзірлеп жатыр.
Корпус Hugging Face платформасында баршаға ашық. Жарияланған 1.4 нұсқасында 5,6 млн құжат және шамамен 6 млрд сөз бар, жалпы көлемі — 16,2 ГБ. Мәтіндердің үштен біріне жуығын Ұлттық кітапхана берген, қалғаны — Tahrirchi жобасы, сайттар, мұрағаттар, ZiyoNET пен Ziyouz білім порталдары, ашық Telegram-арналар, Lex.uz заңнама базасы және Уикипедия. Құжаттардың жартысына жуығы латын, тағы 46%-ы кирилл әліпбиімен жазылған. Мәтіндерден телефон нөмірлері, төлқұжат деректері мен банк деректемелері алынып тасталған.
Токен — нейрожелі сөздер мен белгілерді бөлетін мәтін бөлшегі, сондықтан бір сөз көбіне бірнеше токенге тең келеді. Корпус ODC-By ашық лицензиясымен таратылады, бірақ мәтіндердің өзіне құқық авторларда қалады: олар министрліктен келесі нұсқада өз материалдарын алып тастауды сұрай алады.
Өзбек тілінің корпусын жасауды Президент Шавкат Мирзиёев 2021 жылғы қазанда тапсырған. 2025 жылғы 22 қазандағы жарлық Цифрлық технологиялар министрлігіне 2026 жылдың соңына дейін кемінде 15 млрд бірлік жинап, оларды кемінде бес ашық үлкен тілдік модельге енгізуді міндеттеді.
Қазақстанда осындай жұмысты «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы жүргізіп жатыр. Қоғам OpenAI-мен келісімге 2025 жылғы 7 қарашада Вашингтонда қол қойған, ал қоғам басшысы Рауан Кенжеханұлының айтуынша, жоба үшін 14 млрд токендік қазақ мәтіндерінің корпусы мен 12 мың сағаттық аудиожазба жиналған.



