Швейцария Өзбекстанға тұңғыш президент Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримованың тәркіленген активтерінен тағы 252,5 млн долларды (шамамен 115,8 млрд теңге) қайтарады. Бұл жөніндегі келісімге 2026 жылғы 24 қарашада қол қойылды, деп хабарлады Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі. Қаражат «Ишонч» қоры арқылы әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалады.
Қаражатты бөлудің екінші кезеңі туралы құжатқа Өзбекстанның экономика және қаржы вице-министрі Отабек Фозилкаримов, Швейцарияның елшісі Симоне Гигер және БҰҰ-ның Өзбекстандағы тұрақты үйлестірушісі Сабин Махль қол қойды. Ақша үкіметпен бірлесіп БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің бағдарламалары арқылы бөлінеді. Министрлік жобаларды іріктеу мен нәтижесін тексеру ашық әрі жұртшылықтың қатысуымен өтетінін айтады.
Бірінші кезеңде қор денсаулық сақтау мен білім беруге 87 млн доллар жұмсаған. Бұл қаражатқа ана мен бала денсаулығын қорғау, перинаталдық орталықтардағы көмекті жақсарту, мектептегі білім сапасын арттыру және мұғалімдердің цифрлық дағдыларын дамыту жұмыстары жүргізілді. Kun.uz хабарлауынша, жаңа 252,5 млн доллар өзге де мақсаттармен қатар мектептер салуға және медициналық қызметті жақсартуға жұмсалады.
«Ишонч» («Сенім») қоры Өзбекстан мен Швейцария 2022 жылғы тамызда қол қойған реституция туралы келісім бойынша БҰҰ-ның көпжақты траст қорының жанынан құрылған. Сол кезде алғашқы траншпен Өзбекстанға 131 млн доллар қайтарылған. Каримоваға байланысты шоттарды Швейцария прокуратурасы 2012 жылы бұғаттаған, ал 2026 жылғы шілдеде Швейцария соты Lombard Odier банкін оның ісі бойынша кінәлі деп таныды.



