Алматының Әуезов ауданында айналымды су жүйесінсіз жұмыс істеген жеті автожуу орны сумен жабдықтаудан ажыратылды. Бұл туралы 15 қарашада Алматы қаласының әкімдігі хабарлады. Тексерісті «Алматы Су» жүргізді.
Аудандағы 60 автожуу орнының бәрі тексерілді. Әкімдік дерегінше, олардың 90%-ы айналымды сумен жабдықтауды пайдаланып отыр — мұндай жүйе суды тазартып, оны қайта қолдануға мүмкіндік береді.
Ажыратылған автожуу орындарына су қажетті жабдық орнатылып, оның жұмысы тексерілгеннен кейін ғана қайта беріледі. Тексеріс қаланың барлық ауданында жалғасады, заңсыз желіге қосылу ерекше бақылауда. «Алматы Су» автожуу иелеріне суды үнемдеу және бұзушылыққа жол бермеу жөнінде ұсыныстар да берді.
Тексерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін басталды. Ақорда хабарлағандай, 28 қазанда ол үкімет пен әкімдіктерге ауыз суды мақсатсыз пайдалануды, соның ішінде автожуу орындарында пайдалануды болдырмауды тапсырды.
Ережелер ел деңгейінде де қатаңдатылмақ. 12 қарашада Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов ОКҚ-дағы брифингте ауыз суды техникалық қажеттілікке жұмсайтын заңды тұлғаларды суды қайта пайдалану жүйесін орнатуға міндеттейтінін айтты. Оның сөзінше, қазір елдегі барлық автожуу орындары туралы деректер нақтыланып, бақылау мен жауапкершілікті күшейтетін заң түзетулері әзірленіп жатыр.



