Ақтөбеде бүгіннен, 16 қарашадан бастап ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа мемлекеттік балабақшаға балаларды жазу басталды. 300 орындық балабақша қараша айында Есет батыр тұрғын алабында ашылады. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімдігі хабарлады.
Баланы кезекке қойып, балабақшаға жазу «DaraBala» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Орын бөлгенде баланың жасы, жеке қажеттілігі және бос орынның саны ескеріледі.
Балабақша тірек-қимыл аппараты, көру, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған, сондай-ақ зияткерлік дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған. Әр балаға оның ерекшелігіне қарай арнайы педагогикалық қолдау көрсетіліп, түзету сабақтары өткізіледі. Мақсат — балалардың дамуына, қажетті дағдыларды меңгеруіне және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
Ғимараттың пішіні ерекше: екі қабатты бес корпус орталық блокпен жалғасып, гүл бейнесін құрайды, ортасында атриум мен қысқы бақ бар. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Әр корпус белгілі бір топтағы балаларға бейімделген, ал бөлек блокта медициналық және әкімшілік бөлмелер орналасқан. Ішінде бассейн, спорт залдары, шығармашылық студиялар, түзету сабақтары мен медициналық оңалтуға арналған кабинеттер бар, ата-аналарға кеңес беру орталығы жұмыс істейді.
Балабақша мемлекетке қайтарылған қаражатқа салынды: оған Арнайы мемлекеттік қордан шамамен 8 млрд теңге бөлінген. Құрылыс 2025 жылғы 10 сәуірде басталған. «24KZ» дерегінше, жаз айында облыста арнайы балабақшадан орын күткен 635 бала болған.



