Қазақстанда зорлау үшін Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша жауап береді. Негізгі жаза — 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Зардап шегуші кәмелетке толмаған болса, мерзім 15 жылдан басталады. Ал жас баланы (14-ке толмаған баланы) зорлағаны үшін сот тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық әрекеттері 121-бап бойынша дәл осылай жазаланады. Төменде бөліктер бойынша жазалар, балаларға қарсы қылмыс туралы басқа баптар және зардап шеккендерге не істеу керегі берілген.
ҚК 120-бабы: зорлау үшін қандай жаза бар
Зорлау — күш қолданып, күш қолданамын деп қорқытып немесе жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынасқа түсу. Дәрменсіз күй — адам қарсылық көрсете алмайтын немесе не болып жатқанын түсінбейтін жағдай. Мысалы, жасына, ауруына немесе мас күйіне байланысты. Мерзімдер 2024 жылғы өзгерістер енгізілген Қылмыстық кодекс мәтіні бойынша берілді:
| Бөлігі | Қашан қолданылады | Жазасы |
|---|---|---|
| 1-бөлік | негізгі құрам | 5–8 жыл |
| 2-бөлік | адамдар тобы жасаса, кісі өлтіремін деп қорқытса немесе аса қатыгездікпен, венерик ауру жұқтырса, бірнеше рет жасаса, қызмет міндетін атқару кезінде | 9–12 жыл |
| 3-бөлік | денсаулыққа ауыр зиян, АИТВ жұқтыру, өзге де ауыр зардап, төтенше жағдай немесе жаппай тәртіпсіздік кезінде | 12–15 жыл |
| 3-1-бөлік | кәмелетке толмаған қызға қатысты, қылмыстық топ жасаса | 15–17 жыл және балалармен жұмыс істеуге өмір бойы тыйым |
| 3-2-бөлік | екі немесе одан көп кәмелетке толмағанға қатысты; ата-анасы, өгей әкесі, педагог не басқа тәрбиеші жасаса | 17–20 жыл немесе өмір бойына |
| 4-бөлік | жас балаға қатысты немесе абайсызда өлімге әкелсе | өмір бойына бас бостандығынан айыру |
Нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық әрекеттері туралы 121-бап та осылай құрылған, мерзімдері де бірдей. 2020 жылдан бастап 1-бөлік бойынша зорлау орташа ауырлықтағы емес, ауыр қылмыс болып саналады.
Педофилдерге жаза: 121-1, 122 және 124-баптар
Қылмыстық кодексте «педофилия» деген сөз жоқ. Балаларға қарсы күш қолданылмаған қылмыстар бірнеше бапқа бөлінген:
- 121-1-бап — 16 жасқа толмаған балаға жыныстық сипатта жабысу. Жазасы — түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамау.
- 122-бап — 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер. 1-бөлік бойынша — 5 жылға дейін, ата-анасы не педагог жасаса — 7–12 жыл, бірнеше рет немесе екі не одан көп балаға қатысты болса — 12–15 жыл.
- 124-бап — 16 жасқа толмаған балаларды азғындату. 7 жылдан 12 жылға дейін, ата-аналар мен педагогтар үшін — 10–15 жыл, бірнеше рет жасаса — 12–17 жыл.
122 және 124-баптар бойынша сот әрдайым балалармен жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салады. Прокуратураның айтуынша, балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін шартты түрде соттау және тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтату қолданылмайды. Педофилия фактісін біліп тұрып жасырғандар бөлек жазаланады — 6 жылға дейін.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің дерегінше, 2025 жылдың 11 айында 122-бап бойынша 347 қылмыс, 121-1-бап бойынша 77 қылмыс тіркелген. Балаларға қарсы қылмыс үшін жазасын өтегендердің ашық базасында 2026 жылдың басында 474 адам болған.
Қазақстандағы химиялық кастрация: қалай қолданылады
Химиялық кастрация — жыныстық құмарлықты басатын дәрі егу. Қазақстанда ол 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. Бұл туралы түзетулер бала құқықтары туралы заңға 2016 жылғы сәуірде енгізілген. Бұл жаза емес, ҚК 91-бабы бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы.
- Оны тек сот тағайындайды — кәмелетке толмағанға қарсы жыныстық қылмыс үшін сотталған ересек адамға.
- Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша «педофилия» диагнозы қойылуы керек.
- Екпе босатылуға шамамен жарты жыл қалғанда басталады, 10–14 күнде бір рет салынады. Бостандыққа шыққан соң адамды психиатр бақылайды.
Informburo.kz келтірген Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2018 жылдан 2025 жылғы 1 тамызға дейін химиялық кастрация 53 сотталғанға тағайындалған.
Зорлаушылар мен педофилдердің ісі қалай тергеледі
Бұл туралы «Радиоточка» 2015–2017 жылдары, қоғам баланы педофилден қалай қорғау керек деп талқылаған кезде жазған еді. Содан бері ережелер қатайды. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, 14-ке толмаған баладан тек педагог немесе психолог қатысқанда жауап алынады, қасында ата-анасы да бола алады. Балалардың айғақтарын депонирлеуге болады — яғни баланы қайта-қайта сұрамау үшін тергеу судьясының алдында бір рет жазып алады. ІІМ жыныстық зорлық туралы істерді әйел тергеушілер жүргізетінін мәлімдеді. Мақсат — зардап шеккендерге сөйлеуді жеңілдету.
Ата-аналар бір нәрсені білуі керек: бала кез келген жағымсыз жанасу туралы айтуға болатынын және ол үшін ұрысу болмайтынын түсінуі қажет. Егер бала айтса, жүгінуді кейінге қалдырмаған жөн, із бен дәлелді бірден тіркеген дұрыс. Ұқсас істерде құқықты қалай қорғауға болатынын жұмыстағы харассмент туралы материалда талдадық.
Зардап шеккендер қайда жүгінуі керек
- 102 — полиция, егер қылмыс жаңа ғана болса немесе қауіп төніп тұрса.
- 111 — отбасы, әйелдер және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы, тегін әрі тәулік бойы.
- 150 — балалар мен жастарға арналған сенім телефоны.
Арызды кез келген полиция бөлімшесіне беруге болады. Қылмыстық кодекстің соңғы редакциясы «Әділет» порталында жарияланған.



