Мазмұнға өту
2026 жылғы 22 қараша, жексенбі

Қарағанды циркінде акробат биіктен құлап, ауруханаға жеткізілді

Құлау шоудың бірінші бөлімінде көрермендердің көз алдында болды. Цирк өкілдерінің айтуынша, әртістің «қол-аяғы аман», ол жақында жұмысқа оралады.

Акробат на манеже Карагандинского цирка сразу после падения, кадр видео зрителей
Фото: кадр видео Ekaraganda.kz

Қарағанды циркінде қойылым кезінде акробат шамамен бес метр биіктіктен құлап түсті. Әртісті ауруханаға алып кетті, цирк өкілдері онымен бәрі жақсы екенін айтты. Оқиға 21 қарашада көрермендердің көз алдында болды, видеоны өңірлік Ekaraganda басылымы жариялады.

Tengrinews.kz мәліметінше, оқиға шоудың бірінші бөлімінде, әртіс күрделі трюк жасап жатқан кезде болған. Бір сәтте эквилибрист тепе-теңдігін жоғалтып, төмен құлаған. Құлауға не себеп болғаны әзірге белгісіз.

«Біз дәл қазір сол жақтан келдік. Шынымен қорқынышты. Оның үстінде тұрған қыз сүрінгендей болды, оны сақтандырғышпен бірден тартып алды, ал жігіт төмен құлап кетті. Өте өкінішті, бәрі жақсы болсын», — деп жазды көрермендердің бірі әлеуметтік желіде. Куәгерлердің айтуынша, нөмір сақтандыру арқансыз орындалған. Немерелерімен қойылымға келген тағы бір көрермен де әртістердің сақтандырусыз өнер көрсеткенін айтты. Бұл ресми түрде расталған жоқ.

Құлағаннан кейін әртіске дәрігерлер шақырылды. Ekaraganda жариялаған тағы бір видеода, шамасы, цирк өкілі көрермендерге әртістің тірі екенін және оны ауруханаға алып кеткенін хабарлайды. «Дәрігерлер келіп, бірінші бөлімде абайсызда оқыс жағдайға тап болған әртісімізді тексерді, онымен бәрі жақсы. Қол-аяғы аман, жақында жұмысқа қайта кіріседі», — деп жеткізеді Tengrinews.kz цирк өкілдерінің сөзін. Олар нөмірді тәжірибелі әртістер — Мәскеу халықаралық цирк өнері фестивалінің күміс жүлдегерлері орындағанын да қосты.

NUR.KZ сілтеме жасаған qaragandy.online басылымының ақпаратынша, зардап шеккен әртіс Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жеткізіліп, қазір тексеруден өтіп жатыр. Әртістің есімі аталмайды.

Құлау сәті видеоға түсіп қалды:

Instagram-дағы жарияланымды қарау

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз