Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев World Boxing халықаралық федерациясының Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы болып сайланды. Дауыс беру Панамада өткен World Boxing конгресінде болды, деп хабарлады Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті.
Комитет халықаралық турнирлерді ұйымдастыру мен бүкіл жарыс жүйесіне жауап береді. Ол бокстың техникалық ережелерін, жабдыққа қойылатын талаптарды және салмақ дәрежелерін әзірлеп, қайта қарайды, сондай-ақ халықаралық күнтізбені, турнир форматтарын, әлемдік рейтингтерді, спортшыларды сұрыптау және іріктеу жүйесін қалыптастырады. Комитеттің барлық ұсынысы World Boxing атқарушы кеңесінің қарауына жіберіледі.

«Бокстың халықаралық деңгейде дамуына үлес қосу мүмкіндігіне ие болу мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе Қазақстанның World Boxing құрылымындағы өкілдігін кеңейтіп жатқаны маңызды», — деді Игенев.
Оның айтуынша, конгресте World Boxing құрамына жаңа елдер қосылып, бокс ережелеріне шағын өзгерістер енгізілді. Қазақ тарапы делегаттарға Астанада өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық туралы да айтып берді. «Көптеген құраманың өкілдері 2025 жылғы Әлем кубогы кезінде Қазақстанға келіп, елімізбен таныс болды. Алдағы әлем біріншілігі де жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтеді деп сенеміз», — деді Игенев.
Қазақстанның World Boxing-тегі ықпалы онсыз да айтарлықтай: федерацияны Геннадий Головкин басқарады. Ал 18 қарашада төрт қазақстандық боксшы өз салмақ дәрежелерінде World Boxing әлемдік рейтингін бастап шықты.



