Мазмұнға өту
2026 жылғы 25 қараша, сәрсенбі

«Әбіл» «Оскар-2027» үміткерлерінің ресми тізіміне енді

Киноакадемия 15 фильмнен тұратын қысқа тізімді 15 желтоқсанда жариялайды.

Кадр из казахстанского фильма «Әбіл» режиссёра Елзата Ескендира
Фото: Государственный центр поддержки национального кино

Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» («Авель») драмасы «Үздік халықаралық көркем фильм» санатында «Оскар-2027» жүлдесіне таласатын фильмдердің ресми тізіміне енді. Америка киноакадемиясы үміткерлер тізімін жариялады. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына сілтеме жасап, Marie Claire Kazakhstan хабарлады.

Халықаралық санаттағы тізім рекордтық болды — 104 картина. Оның 100-ін елдер мен өңірлер ұсынған, тағы төрт фильм ірі фестивальдардағы жеңісінің арқасында қатысу құқығын алған. Басқа санаттарда да рекорд тіркелді: анимацияда 38 фильм, деректі кинода 190 фильм іріктеуге жіберілді.

«Әбілді» тағы екі іріктеу күтіп тұр. Киноакадемия 15 желтоқсанда 15 фильмнен тұратын қысқа тізімді жариялайды, номинанттар 2027 жылғы 21 қаңтарда белгілі болады, ал 99-шы марапаттау рәсімі 2027 жылғы 14 наурызда өтеді. Қазақстан бұл санатта бүкіл тарихында бір-ақ рет — «Моңғол» фильмімен номинацияға ілікті. Еліміздің «Оскарға» тағы қандай картиналар ұсынғанын бұған дейін жазған едік.

Фильм оқиғасы 1993 жылы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі ауқымды жекешелендіру кезеңінде өтеді. «Баянқазақ» ұжымшарының Әбіл есімді шопаны мемлекеттік мүлік бөлінгенде өз үлесін алады, бірақ істің бәрі ол ойлағандай болмай шығады. Басты рөлді Ерлан Төлеутай сомдады, операторы — поляк кинооператоры Иоланта Дылевская.

Картинаны Қазақстан киногерлер одағы жанындағы Оскар комитеті ұсынды, бұл шешім қыркүйекте жарияланған. «Әбілдің» әлемдік премьерасы 29-шы Пусан кинофестивалінде өтті. Ерлан Төлеутай Дублиндегі XIII Silk Road International Film Festival пен Бішкек халықаралық кинофестивалінде үздік актер атанды, ал Франциядағы 31-ші Везуль азиат киносы фестивалінде фильм қазылар алқасының Гран-приін, кинотанушылар алқасының жүлдесін және NETPAC сыйлығын жеңіп алды. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Қазақфильм» базасында түсірілді, кең прокатқа 2026 жылдың жазында шықты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз