«Барселона» президенті Жоан Лапорта клуб соңында мадридтік «Реалдан» роялти талап етуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қарсылас «Барсаның» есебінен өзін үнемі жарнамалап жүр. Лапорта бұл туралы 25 қарашада, сәрсенбіде, Бакуде «Сабах» басшылығымен түскі ас алдында мәлімдеді, деп хабарлайды Marca. «Мадрид «Барса» туралы сөйлеуді доғармайды. Ақыр соңында олардан роялти сұрауға тура келеді, өйткені олар өз имиджін біздің есебімізден жарнамалап жатыр», — деді Лапорта.
Каталон клубының басшысы Мадридтегілер осылайша өз проблемаларынан назар аудартқысы келеді деп санайды. «Олар екі жыл бойы ештеңе ұтқан жоқ, оның үстіне клубтың бір бөлігін сатуды ойлап жүр. Олар «Барса» туралы айтудың орнына, біз сияқты өз жобасын түсіндіруі керек. Басқаларды тыныш қалдырып, өз үйінде не болып жатқанымен айналыссын», — деп қосты ол.
Бұл сөздер Мадрид сотында «Барселона» мен «Реал» президенті Флорентино Перестің татуластыру рәсімі өткен күні айтылды. Бұл — жала жабу туралы қылмыстық талап арыз алдындағы міндетті қадам: каталондықтар Перестен «Негрейра ісі» жөніндегі мамырдағы мәлімдемелерін теріске шығаруды талап етеді. «Егер адам сөзін түзетпесе, онда астарында жаман ниет бар деген сөз, сонда біз рәсімді жалғастырамыз», — деді Лапорта. Marca мәліметінше, тараптар келісімге келмей тарқасқан.
«Негрейра ісі» «Барселонаның» 2001-2018 жылдары Испания төрешілер техникалық комитетінің бұрынғы вице-президенті Хосе Мария Энрикес Негрейраның компанияларына төлеген қаражатына қатысты. Мамырда Перес «Реалдан» «жеті чемпиондық ұрланды» деп мәлімдеген, содан кейін каталондықтар маусымда татуластыру туралы өтініш берді — бұл талап арызға апаратын алғашқы қадам.
Кешке «Барселона» Бакуде Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің бесінші турында «Сабахпен» ойнайды, кездесу Астана уақытымен сағат 22:45-те басталады. Әзербайжанға сапар Ханси Флик командасы үшін еврокубоктардағы ең алыс сапар болды.



