Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Әйке ауылында жаңа көпір салу жұмысы толық аяқталды. Тұрғындар 60 жылдай пайдаланған бұрынғы өткелді 2024 жылғы су тасқыны қиратқан еді. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімдігі хабарлады.
Ұзындығы 58,2 метр болатын жаңа көпір ескісінің орнына салынды. Онымен бірге жұмысшылар екі жақтағы бір шақырымдық кірме жолға асфальт төседі. Құрылыс пен жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
Сонымен қатар ауданда жергілікті жолдар да жаңартылды. Әйке ауылының өзінде Ы. Алтынсарин және Әйке көшелерін жалғайтын 800 метр жол жөнделді. Көршілес Тереңсай ауылында биыл бір көшеге жаңа асфальт төселді.
2024 жылдың көктемінде Қазақстан соңғы онжылдықтардағы ең күшті су тасқындарының бірін бастан кешті, Ақтөбе облысы да зардап шеккен өңірлердің қатарында болды. Әйке тұрғындары жаңа өткелді екі жыл күтті.



