ФИФА президенті Джанни Инфантиноның әлем чемпионатындағы үлесті жеке инвесторларға сату жоспары 96 жылға есептелген. Бұл Associated Press агенттігі 24 қарашада, сейсенбіде, зерделеген құпия құжаттардан белгілі болды. Сөз ФИФА-ның Джошуа Кушнерге тиесілі Thrive Capital қорымен хат алмасуы және ұйымның тәуекелдерді ішкі бағалауы туралы болып отыр.
«Мәміле бойынша ФИФА коммерциялық еншілес компания құрады, оған алдағы 96 жылға ФИФА турнирлерінің барлық коммерциялық құқығы беріледі», — делінген бағалауда. FIFA Forward Enterprise (FFE) атты жаңа құрылым 20 млрд долларға (шамамен 9,2 трлн теңге) бағаланған. Құжаттарда менеджментке ондаған миллион долларлық бонус бағдарламасы да қарастырылған, оның көлемін Инфантино басқаратын FFE кеңесі белгілейтін еді. ФИФА бұл — әдеттегі тәжірибе, ал ұйым басшылығы қосымша сыйақы алмайтын еді деп жауап берді.
Құжаттарға қарағанда, мәміле 19 шілдеде әлем чемпионатының финалы өткен демалыста Нью-Йоркте аяқталуға жақын болған. Сол финалда Испания Аргентинаны жеңген. Ішкі құжат мәліметінше, ФИФА қаржыгерлері мәмілені дайындауға тікелей араласпаған. Thrive Capital-ға дейін ұйым АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің Affinity Partners қорымен келіссөз жүргізген. Құжаттардың жария болғанын алғаш дүйсенбіде New York Post газеті хабарлады.
Жоба туралы финалдан кейін тоғыз күн өткенде белгілі болды, ФИФА ішінде де сын көбейген соң Инфантино оны кері қайтарды. Еуропалық УЕФА одағы мәміле туралы құжаттарға қол жеткізуге тырысып жүр және жақында Манхэттен сотында оларды ашу жөніндегі дауда жеңді. 18 наурызда Мароккода ФИФА президентін сайлау өтеді: Инфантиноның 2016 жылдан бері алғаш рет қарсыластары бар — француз Филипп Диалло мен жапон Кодзо Тасима.



