Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Қытай биржаларды қолдау үшін маржалық сауда талаптарын жеңілдетті

Синьхуа сілтеме жасаған сарапшылардың бағалауынша, бұл жеңілдік нарыққа теориялық тұрғыда 400 млрд юаньға, яғни 60 млрд долларға жуық қаржы әкелуі мүмкін.

Здание Шанхайской фондовой биржи в районе Пудун
Фото: Wikimedia Commons

Шанхай, Шэньчжэнь және Бейжің биржалары 30 қарашадан бастап ең төменгі маржалық коэффициентті 100%-дан 80%-ға төмендетеді. Бұл шешімді Қытайдың Бағалы қағаздарды реттеу комиссиясы мақұлдады, деп хабарлады 22 қарашада, жексенбі күні Синьхуа агенттігі. Қарапайым тілмен айтқанда, инвесторлар акцияны қарызға алған қаражатқа сатып алғанда өз қаржысын азырақ салатын болады. South China Morning Post басылымының жазуынша, жаңа талаптар қазір қолданыстағы келісімшарттарға да таралады.

Сонымен қатар Шанхай және Шэньчжэнь биржалары алымдарды азайтты: нарық қатысушылары бизнес-бірлікті пайдаланғаны үшін төлемнен босатылды. Бұған дейін енгізілген жеңілдіктер — компаниялардың листинг алымынан және облигациялармен операциялар үшін комиссиядан босатылуы — екі жылға, 2028 жылға дейін ұзартылды. Шэньчжэнь биржасы сол күні жылдам өсіп келе жатқан компаниялардың акциялары саудаланатын ChiNext алаңындағы маркет-мейкерлерге арналған ережелерді талқылауға шығарды.

Бұл шаралар Қытай индекстері бірнеше күн бойы төмендеп, жұма күні америкалық акциялар күрт құлағаннан кейін қабылданды. Дүйсенбі күні таңертең алаңдаушылық бүкіл Азияға жайылды: аймақ биржалары Уолл-стриттен кейін құлдырады, Сеулдің Kospi индексі 4%-дан астам төмендеді. Инвесторлар жасанды интеллектке салынған орасан инвестициялар өзін ақтамай қалады деп қауіптеніп, технологиялық компаниялардың акцияларын сатып жатыр.

Бейжің үшін бұл бұрынғы саясаттан бас тарту болып отыр. 2026 жылғы қаңтарда нарық қызып кеткен кезде алыпсатарлықты бәсеңдету үшін дәл осы коэффициент 80%-дан 100%-ға көтерілген еді. Биржалардың түсіндіруінше, қазір маржалық сауда айтарлықтай азайған. Қараша айының басында реттеуші нарықты тұрақтандыруға арналған шаралар топтамасын жариялаған, ал Қытай Халық банкі брокерлер, қорлар мен сақтандыру компаниялары акцияны көбірек сатып ала алуы үшін своп желісі бойынша үшінші операцияны өткізген.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз