Мазмұнға өту
2026 жылғы 22 қараша, жексенбі

Дәрігерлер Көкшетауда жол апатынан кейін нәрестені аман алып қалды

Нәрестеде ауыр бас-ми жарақаты мен бас миының ісінуі анықталып, оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, бұғанасына ота жасаған.

Младенец на аппарате искусственной вентиляции лёгких в детской реанимации, иллюстративное фото
Фото: Wikimedia Commons

Көкшетауда туғанына төрт күн болғанда Астана — Петропавл трассасында жол апатына түскен нәресте қыз үйіне шығарылды. Оның өмірі үшін екі апта бойы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері күресті, деп хабарлады аурухана. Сәби 20 қарашада үйіне жіберілді.

Жол апаты 7 қарашада сағат 16:00 шамасында трассаның 312-шақырымында болған. Исмаиловтар отбасы перзентханадан шыққаннан кейін үйіне қайтып келе жатқан. Қыздың әкесі Руслан Исмаиловтың айтуынша, жүк көлігі қарсы жолаққа шығып, екі жеңіл көлікпен соқтығысқан. Ол туыстарын көліктерден өзі шығарған. Апатта оның анасы мен әйелі де зардап шегіп, жұбайы жансақтау бөліміне жатқызылған, деп айтты ол Kazinform агенттігіне. Жол апаты туралы airpress.kz 8 қарашада жазған.

«Ауруханамызға жағдайы аса ауыр кішкентай сәби жеткізілді. Диагноздары: ауыр бас-ми жарақаты, бас миының соғылуы, субарахноидальды қан құйылу, бас миының ісінуі, білек сүйектерінің сынуы және кеуде қуысының жарақаты», — деп хабарлады ауруханадан. Қыз бала жансақтау бөліміне жатқызылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды, сондай-ақ оның бұғанасына ота жасау қажет болды. Екі апта бойы дәрігерлер күн сайын оның неврологиялық жағдайын, тыныс алу жүйесі мен басқа ағзаларының жұмысын бағалап отырды. Оң динамика байқалған соң, сәби жансақтау бөлімінен бейінді бөлімге ауыстырылды.

Аурухана қыздың құтқарылуы туралы бейнені Instagram-да жариялады:

Instagram-дағы жарияланымды қарау

Қыздың анасы Мария дәрігерлер мен медбикелерге алғысын білдірді. «Медиктердің Юлианнаға қаншалықты жылы қарағанын ерекше атап өткім келеді. Олар оны өз баласындай күтті. Жансақтау бөлімінде қасынан бір елі шықпады. Кейбірі отбасыларымен өткізе алатын уақытын құрбан етіп, ауруханада қалып қойды», — деді ол. Әкесі отбасына әріптестері моральдық және материалдық қолдау көрсеткенін, ал қала тұрғындары хабарласып, жазып, сәби үшін алаңдағанын айтты.

Қазір қыздың жағдайы айтарлықтай жақсарды, бірақ оны әлі де қалпына келу, оңалту, қайта тексерулер мен дәрігерлердің бақылауы күтіп тұр. Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta қатысқан жол апаты бойынша Ақмола облысының полициясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр: Hyundai Genesis жүргізушісі мен төрт жолаушысы ауруханаға жеткізілген. Полиция жүргізушілерді жол жүру ережесін, жылдамдық режимін сақтауға және жолда барынша сақ болуға шақырды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз