Tesla электромобиль иелеріне жүргізушіге көмектесетін Full Self-Driving жүйесінің жаңа нұсқасы — FSD v15-ті тарата бастады. Бұл туралы компания Астана уақытымен 22 қарашаға қараған түні X желісінде хабарлады. Tesla-ның айтуынша, жаңа нұсқа «end-to-end жүргізу желісінің әрбір бөлігін жаңартады», ал қауіпсіздік үшін сыни жағдайларды жүйе енді «25 есе жақсы» шешеді.
Tesla-ның жаңа нұсқа туралы бейнеролик жариялаған жазбасы:
Әзірге жаңартуды алғашқы көліктер ғана алып жатыр. Жаппай шығаруды Илон Маск желтоқсанда уәде етіп отыр: 21 қараша күні ол X желісінде жазды: «FSD V15 келесі айда кең таралымға шығады. Бұл айрықша нәрсе болады». Қай көліктер v15-ті бірінші алатынын Tesla нақтыламады. Бұған дейін компания инвесторларға жаңа нұсқаға AI4 (HW4) борттық компьютері жеткілікті екенін айтқан. Ескі HW3 компьютері бар көліктерде ол жұмыс істей ме, жоқ па, бұл туралы ақпарат жоқ.
Илон Масктың FSD v15 шығу мерзімі туралы жазбасы:
Ең көзге түсетін жаңалық — Tesla Reality View, яғни орталық экрандағы сапардың нақты уақыттағы визуализациясы. Компанияның сөзінше, ол «FSD не істеуді жоспарлап отырғанын көруге және бақылауға» мүмкіндік береді. Жаңарту сипаттамасында оны Tesla Augmented Reality деп атайды: ол модельдің жеке сигналдарын бір бейнемен алмастырып, есептеу қуатын азырақ қажет етеді. Жаңа интерфейс туралы Маск X желісіндегі бір қолданушыға берген жауабында былай деп жазды: «Жаңа пайдаланушы интерфейсі шындықты ақыл жетпестей етіп қайта бейнелейтін болады. Сипаттау қиын, бірақ бұл керемет».
Негізгі өзгеріс жүйенің ішінде — FSD, Tesla робот-таксиі және Optimus роботы үшін ортақ жаңа визуалды энкодер. Оны интернеттегі миллиондаған бейнежазбамен оқытқан, ал Tesla-ның дерегінше, жүргізушінің сыни араласу көрсеткішін 25 есе жақсартқан да осы энкодер. Жүйе жол белгілерін, ұсақ жануарларды, жолдағы қоқыс пен шұңқырларды жақсырақ таниды, терең шалшықтарды айналып өтеді, мектеп аймақтарында және ауа райы қолайсыз кезде жылдамдықты дәлірек ұстайды, жылдамдықты бақылау камераларының алдында баяулайды. Тізімде сондай-ақ жаңа навигация, иесінің тарихын ескеріп тұрақ таңдау және велосипед тасығышпен жүруге арналған режим бар.
Жүргізушінің зейінін бақылау да өзгерді. Камера енді кепка киген, күннен қорғайтын көзілдірік таққан жүргізушіні де қадағалай алады, бірақ жылдамырақ жүруге арналған профильдерде Tesla оның талабын жұмсартты.
FSD бұрынғысынша жүргізушінің бақылауындағы жүйе — FSD (Supervised) ретінде сатылады. АҚШ-та жазылым айына 99 доллар тұрады (шамамен 45 мың теңге). Сәуірде Маск v15 бақылаусыз әрі күрделі жағдайларда да адамнан әлдеқайда қауіпсіз болады деп жазған еді; осыған ұқсас уәделерді ол v12 және v14 үшін де берген. Еуропада FSD-ге алғаш болып сәуірде Нидерланды, ал 20 қарашада Италия рұқсат берді.



