Гаага соты BYD компаниясына Еуроодақта Ti7 жол талғамайтын көлігін сатуға тыйым салды. Қытайда бұл модель Fangchengbao Tai 7 деген атпен белгілі. Сот көлік Jaguar Land Rover компаниясының ЕО-да тіркелген Land Rover Defender дизайнына құқығын бұзады деп тапты. JLR-дің шұғыл талабы бойынша шешім 20 қарашада шықты. Сот хабарлауынша, «үлгінің сипатты және ерекше элементтері BYD-дің Ti7 көлігінен байқалады».
Енді BYD ЕО елдерінде Ti7 көлігін әкеле, шығара, сата және сақтай алмайды. Тыйым шешім табыс етілгеннен кейін бір аптадан соң күшіне енеді. Reuters мәліметінше, дау аяқталғанша Ti7 BYD-дің Венгриядағы жаңа зауытында да шығарылмайды, ол жерде жаппай өндіріс 2027 жылдың басында басталуы тиіс. Тыйымды бұзғаны үшін сот күніне 100 мың еуро (шамамен 50 млн теңге) немесе әр көлік үшін 25 мың еуро айыппұл белгіледі, бірақ жалпы сомасы 10 млн еуродан аспайды.
Шешім Ұлыбританияға қатысты емес: сот BYD-дің британдық бөлімшесін өз юрисдикциясынан тыс деп санады. Онда Ti7 көлігіне 47 995 фунттан (шамамен 28,6 млн теңге) тапсырыс беруге болады, алғашқы көліктер сатып алушыларға 2027 жылдың қаңтарында жетуі тиіс. Шешім алдын ала сипатта: JLR алты ай ішінде негізгі талап арыз беруі керек, әйтпесе тыйым күшін жоюы мүмкін.
BYD шешіммен келіспейді және оған шағымданады. «BYD Ti 7 — BYD дизайн бойынша өз бетінше жүргізген жұмыстың нәтижесі, ол JLR-дің ешқандай құқығын бұзбайды. Бұл шешімнің қате екенін дәлелдеу үшін барлық заңды жолдарды пайдаланамыз», — деп BYD Reuters агенттігіне мәлімдеді. JLR-де былай деп жауап берді: «Біз зияткерлік меншігімізді қорғаймыз және қажет болса сотқа жүгінеміз. Іс жалғасып жатыр, қазір бұдан артық пікір білдірмейміз».
Сот Ti7 көлігін L663 буынындағы Defender-дің алты үлгісінің бірімен салыстырды: екі көліктің дөңес «иықтары», артқы есіктен кейінгі панелі, доңғалақ аркаларының ойықтары, терезелердің тұтас сызығы мен пропорциялары бірдей дерлік. Сот пікірінше, BYD атап өткен фаралардағы, радиатор торындағы және артқы бөліктегі айырмашылықтар жалпы әсерді өзгертпейді.
Қазақстанда бұл шешім ештеңені өзгертпейді — ол тек ЕО аумағында әрекет етеді. Kolesa.kz сайтында қазір Fangchengbao Titanium 7 сату туралы 15 хабарландыру бар, бағасы негізінен 21–24 млн теңге. Көрші Өзбекстанда BYD Ti 7 көлігін қазаннан бері ресми сатып келеді: толық жетекті нұсқасы 513,5 млн сум (шамамен 19,5 млн теңге) тұрады.
BYD Ұлыбританияда Ti7-ге тапсырыс қабылдай бастағаннан кейін JLR BYD-ді сотқа берді. 25 қарашада Роттердамда JLR-дің екінші талабы — авторлық құқықты бұзу және «көзсіз көшіру» туралы іс бойынша отырыс өтеді. Қытайда Ti7 2025 жылдың қыркүйегінен бері сатылып келеді және Fangchengbao-ның ең көп сатылатын моделіне айналды: 2026 жылғы қыркүйектің соңына дейін BYD 279 182 көлік сатты.



