Мазмұнға өту

Шағаева әлем чемпионатында қола үшін белдесуде жеңілді

Оның қарсыласы моңғолиялық Болортуяа Хүрэлхүү Токио Олимпиадасына қатысқан және Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

Алтын Шагаева в схватке за бронзу чемпионата мира по борьбе в Астане

Қазақстандық балуан Алтын Шағаева Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында 59 келіге дейінгі салмақта қола медаль үшін белдесуде жеңіліп қалды. 30 қазанда моңғолиялық Болортуяа Хүрэлхүү оны бірінші кезеңде-ақ мерзімінен бұрын жеңді. Шағаева турнирді бесінші орынмен аяқтады.

Хүрэлхүү 30 жаста, Эрдэнэт қаласында туған. Токио Олимпиадасында ол 62 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, оныншы орын алған. Азия чемпионаттарында 2021 жылы Алматыда күміс, 2022 жылы Ұланбатырда қола жүлде жеңіп алды.

Медаль үшін күреске Шағаева екі жеңіспен жетті. 1/8 финалда ол түркиялық Бедиха Гюнді ұтты — 3:1, ширек финалда поляк балуаны Йовита Вжесеньді 5:1 есебімен жеңді. 29 қазандағы жартылай финалда қазақстандық балуан үндістандық Манишаға есе жіберді — 0:10. 59 келіге дейінгі салмақтағы әлем чемпионы атағын Маниша мен америкалық Эбигейл Нетте сарапқа салады.

Турнир алдында Шағаева Біріккен күрес әлемі (UWW) рейтингінде 34-орында тұрған. Еркін, грек-рим және әйелдер күресінен әлем чемпионаты 24 қазан – 1 қараша аралығында «Барыс Аренада» өтіп жатыр, Қазақстан оны 2019 жылдан кейін екінші рет қабылдап отыр. Бұған дейін әйелдер күресінде Зейнеп Баянова қола жүлде алды, ал Жамиля Бақбергенова жапон балуанына жеңілді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз