Қытайдың Pinduoduo маркетплейсі қосымшаға бағаны теңгемен көрсету мүмкіндігін қосты. Енді қазақстандық сатып алушыларға тауардың қанша тұратынын білу үшін юаньды қолмен теңгеге аударудың қажеті жоқ. Мұны жаңа баптауды тексеріп көрген Digital Business басылымы анықтады.
Теңгені бірнеше қадаммен қосуға болады:
- You (профиль) бөлімін ашу;
- Settings, одан кейін Country/Region & Language бөліміне өту;
- Currency тармағын таңдап, KZT белгілеу және таңдауды растау.
Ол үшін аккаунттағы елді ауыстырудың немесе қайта тіркелудің қажеті жоқ.
Бағаның бәрі бірдей теңгеге аударыла қойған жоқ. Тауар карточкасында негізгі баға теңгемен, ал юаньдағы бастапқы бағасы жақша ішінде көрсетіледі: мысалы, көлік дөңгелегінің ниппеліне арналған қақпақшалар 99 теңге (1,49 юань) тұрады. Алайда жалпы лентада, топтамаларда және тауар тізімдерінде баға бұрынғыдай юаньмен беріледі. Сондықтан каталогты парақтағанда тауарларды әлі де қытай валютасымен салыстыруға тура келеді.
Экрандағы теңге бағасы тек бағдар ғана, шоттан нақты қанша ақша алынатынын көрсетпейді. Себетте тапсырысқа ҚҚС пен төлем үшін сервистік алым қосылуы мүмкін. Төлем шетел валютасымен өтсе, теңгедегі соңғы сома банктің айырбастау бағамына да байланысты болады. Сондықтан тапсырысты растамас бұрын түпкі соманы тексерген жөн. Интерфейс тілі өзгерген жоқ: баптауларда тек қытай және ағылшын тілдері бар, орыс және қазақ тілдері әзірге қосылмаған.
Бұл – соңғы күндері Pinduoduo қазақстандық сатып алушылар үшін енгізген екінші өзгеріс. Бір апта бұрын маркетплейс Қазақстанға тауарлардың бір бөлігін тегін жеткізе бастады. Тапсырыстың ең аз сомасы талап етілмейді, бірақ бұл тек белгі қойылған, салмағы 10 кг-ға дейінгі тауарларға қатысты. Бұған дейін қазақстандықтар әдетте тауарды Қытайдағы қоймаға жеткізуге тапсырыс беріп, ары қарай жеткізу ақысын карго компаниялары арқылы бөлек төлейтін. Pinduoduo Қазақстанда «Google салығы» деп аталатын схема бойынша ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелген. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, компания бюджетке 6,8 млрд теңге аударған.


