Мазмұнға өту

Оралдың жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пәні оқытылады

Жаңа пәнге 90 сағат бөлінді, оны заң факультеттерінің оқытушылары жүргізеді.

Жаңа оқу жылынан бастап Оралдағы (Батыс Қазақстан облысы) барлық жоғары оқу орнында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәні енгізіледі. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің БҚО бойынша төрағасының орынбасары Мірболат Нұртазин хабарлады.

Курс студенттерге сыбайлас жемқорлықтың мәні мен факторлары, оның көріністері туралы білім беріп, құқықтық мәдениет пен сыбайлас жемқорлық құбылыстарын сыни талдау дағдысын дамытуы тиіс. Сабақтар дәріс, семинар, кейс-стади, пікірсайыс және ми шабуылы түрінде өтеді. Пәнге 90 сағат бөлінген: оның 10 сағаты дәріс, 20 сағаты семинар, 60 сағаты өзіндік жұмыс.

Жаңа пәннің таныстырылымы ҚазИИТУ-дың ғылыми-білім беру кешенінде өтті. Курстың басты мақсаттарының бірі — студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы білімін және азаматтық ұстанымын қалыптастыру.

«Оралдағы төрт университеттің барлығында бұл пәннің таныстырылымын өткіздік», — деді сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Біржан Хайруллин. Оның айтуынша, пән қазірдің өзінде барлық дерлік мамандыққа енгізілген.

Пәнді заң факультеттерінің оқытушылары жүргізеді.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз