АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп 5 қарашада Ақ үйде басып алынған Олешкидегі гуманитарлық операцияға қатысқан Украина мен Ресей өкілдерін қабылдады. Олешки – Херсон облысындағы, Днепрдің сол жағалауында, Херсонның қарсы бетінде орналасқан қала. Бірінші ханымның сөзі Вашингтон уақытымен сағат 11:00-ге (Киев уақытымен 18:00, Астана уақытымен 21:00) белгіленген еді. Ақ үйдің мәліметінше, бірінші ханымның соғысып жатқан екі елдің өкілдерін бір үстел басына өзі жинауы – тарихта алғашқы жағдай.
Украина атынан Жоғарғы Раданың адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец пен «Халық қызметшісі» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия келді. Ресей Владимир Путиннің арнайы өкілі, Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев пен Ресейдегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл Яна Лантратованы жіберді. Украинаның «Фокус» басылымының жазуынша, Арахамия, Лубинец және Дмитриев қысқаша алғыс сөз айтты, ал Лантратоваға сөз берілмеді.
«Олешки түнектегі әлемде адамзаттың ең жақсы қасиеттерін жарыққа шығара алатын ұшқын болсын», – деді Мелания Трамп. Оның айтуынша, Олешкидегі бітім «президент Путин мен президент Зеленскийсіз мүмкін болмас еді». Al Jazeera арнасының хабарлауынша, ол тараптарды осы табысты жалғастыруға шақырды: «Бірлесе отырып, уақытша атысты тоқтатудан да берігірек нәрсе жасай аламыз».
Бірінші ханым өзін «жалғыз делдал» деп атады. Оның сөзінше, бұл рөлі екі ел қол қойған жазбаша келісімдерде бекітілген. Ол дайындықтың барлық кезеңіне, тіпті мина тазарту жоспарлары мен эвакуация бағыттарын тексеруге дейін қатысқанын айтты. Мелания Трамп Украина мен Ресей президенттеріне жеке хаттарын да тапсырды – оларды Арахамия мен Дмитриев жеткізеді. Хаттардың мазмұны жарияланған жоқ.
Дмитрий Лубинец бірінші ханымға І дәрежелі княгиня Ольга орденін табыс етті. Бұл марапатты оған осы аптаның басында Украина президенті Владимир Зеленский бітімдегі рөлі үшін берген еді.
Олешки маңындағы атысты тоқтату режимі 27 қазаннан 1 қарашаға дейін жүрді. Ресей бұл қаланы 2022 жылдан бері басып алып отыр. Украина БАҚ-тарының мәліметінше, мамыр айынан бері тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен су тұрақты жеткізілмеген, қала маңындағы жолдар мен егістік миналанған. Ұрыс тоқтаған кезде қалаға көмек жеткізіліп, 800-ге жуық адам эвакуацияланды. Украина бақылауындағы аумаққа кетуді таңдағандар айналма жолмен – басып алынған Қырым, Ресей және Беларусь арқылы жүріп, 31 қазанда Чернигов облысында шекарадан өтті. Al Jazeera бағалауынша, Олешкиде әлі де 2000-ға жуық бейбіт тұрғын қалып отыр.
Толық ауқымды басқыншылық басталғаннан бергі ең ұзақ бітім 1 қарашада аяқталып, ұзартылмады. Осыдан кейін Ресей әскері Запорожье облысындағы Комышуваха кентінде гуманитарлық көмек таратылып жатқан мектепке авиабомба тастады – кемінде 43 адам қаза тапты.
Ақ үй бітімге бірінші ханымның делдалдығы арқасында қол жеткізілді деп отыр. Алайда Al Jazeera атап өткендей, тараптарды гуманитарлық үзіліс пен эвакуацияға Рим Папасы Лев XIV те шақырған, ал бітімге нақты кім келістіргені туралы деректер әртүрлі. Украина, АҚШ және Ресейдің келесі келіссөз кезеңі 10–11 қарашада Әбу-Дабиде өтеді деп жоспарланған. «Азаттық» радиосының мәліметінше, Ресей делегациясын Владимир Мединский басқарады.



