Алматыдағы Успен храмының настоятелі протоиерей Александр Зырянов қалада альпинист ретінде де танымал болды. Informburo мәліметінше, ол Новосібір мемлекеттік университетін «экономикалық кибернетика» мамандығы бойынша бітіріп, бағдарламашы болып жұмыс істеген, ал 1994 жылы Алматыдағы Никольский соборында священник болып тағайындалған.
Іле Алатауындағы кеңес заманында Безбожник деп аталған шыңның тарихы да оның есімімен байланысты. 2000 жылы Зырянов шыңды Рождество Христово шыңы деп қайта атауды ұсынған, бұл бастаманы архиепископ Алексий қолдаған. Киелі крестпен шыңға шығатын топты КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерванд Ильинский жасақтап, оны Юрий Горбунов басқарған. Священниктің өзі шыңға тек үш жылдан кейін көтерілген. Кейін жаңа атау анықтамалықтарға енгізіліп, шыңға апаратын бағыттардың бірі Зырянов есімімен аталған.
2010 жылы ол Александр Зиминмен бірге Хан Тәңірі шыңына шығуға әрекет жасаған, бірақ биікке жете алмаған. Священник храм жанында тәуелділіктен арылғысы келетіндерге тегін курстар өткізіп, Алматыда қаза тапқан альпинистерді еске алу рәсімдерін жүргізген.
Informburo материалдары бойынша.



