Мазмұнға өту

«Барыс» 0:2 есебінен ұтылып тұрып, «Шанхай Дрэгонсты» жеңді

Американдық шабуылшы Тайс Томпсон КХЛ-дағы алғашқы хет-тригін жасады, ал бұл жеңіс астаналықтарды Шығыс конференциясының екінші орнына көтерді.

Хоккеисты «Барыса» в матче КХЛ против «Шанхай Дрэгонс» 30 октября 2026 года

Астананың «Барысы» 30 қазанда КХЛ тұрақты маусымының сырттағы ойынында «Шанхай Дрэгонсты» 4:2 есебімен жеңді. Екінші кезеңде команда 0:2 есебімен ұтылып тұрған еді. Осы жеңістен кейін лигадағы жалғыз қазақстандық клуб Шығыс конференциясында екінші орынға көтерілді. Көш басында Магнитогорскінің «Металлургы» тұр.

Есепті 11-минутта үй иелері ашты: шайбаны Владислав Барулин соқты. Екінші кезең басталған бойда Бреннан Менелл қытай клубының артықшылығын екі есе арттырды. Екінші шайбадан кейін көп өтпей «Барыстың» шабуылшысы Әлихан Әсетов төбелеске араласты.

Екінші кезеңнің ортасында «Шанхай» ойыншылары айып ала бастағанда ойынның бағыты өзгерді. Астаналықтардың американдық шабуылшысы Тайс Томпсон 69 секунд ішінде көпшілікте ойнап, екі шайба соқты – 30 және 31-минуттарда. Екі шайбаға да Мейсон Морелли пас берді. Үшінші кезеңнің 55-минутында қазақстандық шабуылшы Асанәлі Сәркенов «Барысты» алға шығарды. Ойынның аяқталуына 17 секунд қалғанда Томпсон бос қақпаға шайба кіргізіп, КХЛ-дағы алғашқы хет-тригін жасады. «Барыстың» қақпасын Андрей Шутов қорғады.

Бұл – Томпсонның осы маусымдағы 11-шайбасы, ол 21 ойында 13 ұпай жинады. «Барыс» келесі ойынын 4 қарашада Челябинскіде «Тракторға» қарсы өткізеді.

Бұл – астаналықтардың сырт алаңдағы қатарынан екінші жеңісі. 28 қазанда «Барыс» Минскінің «Динамосын» құрғақ ұтты. Оған дейін Михаил Кравец жаттықтыратын команда қатарынан үш рет жеңіліп, соның ішінде Екатеринбургте «Автомобилистен» 1:4 есебімен ұтылып, конференцияда бесінші орынға түсіп кеткен.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз