OpenAI компаниясы 18 жасқа толмаған қолданушыларға арналған ChatGPT ережесін қатаңдатады. Енді чат-бот жасөспірімдерге қару мен күзет жүйелері туралы практикалық мәлімет бермейді. Сұрақ зиянсыз көрінсе де, онда агрессия белгісі болмаса да, шектеу сақталады. Компания бұл туралы 30 қазанда хабарлады. Сонымен бірге ол сервистің зорлық-зомбылық қаупіне қалай қарсы тұратыны туралы тұрақты есеп жариялауды жоспарлап отыр.
OpenAI мәліметінше, жасөспірімдер ChatGPT-тен бұрынғыдай көмек ала алады: жанжалдың алдын алуға не оны басуға, қолдау табуға немесе өздері сенетін ересек адаммен байланысуға болады. Жүйе қателесіп кәмелетке толмаған деп таныған ересектер Persona сервисі арқылы жасын растап, әдеттегі режимге орала алады.
Өзгерістің бір бөлігі жасына қарамастан барлық қолданушыға қатысты. ChatGPT бұрын болған жаппай шабуылдар туралы азырақ егжей-тегжей айтады. Шабуылдаушылар қандай қару мен жабдық қолданғанын, оны қалай тапқанын толық сипаттамайды. Мұндай оқиғаларды келтірілген зиянның ауқымы бойынша салыстыруды да доғарады: компанияның пікірінше, бұл қылмыскерлердің атағын асыруы мүмкін. Оқиғалардың өзін, зардап шеккендердің тағдырын, қауіп белгілері мен алдын алу жолдарын бұрынғыдай талқылауға болады.
Тағы бір шараны OpenAI психологтармен және зорлық-зомбылықтың алдын алу мамандарымен бірге әзірлеп жатыр. Әңгімеден адамның зорлық-зомбылыққа әуес болып алғаны немесе біреуге ауыр зиян келтіргісі келетіні байқалса, ChatGPT чатты автоматты түрде тоқтата алады. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанса, аккаунт уақытша бұғатталады. Жасөспірімнің аккаунты осы себеппен тоқтатылса, компания ата-анасына хабарлама жіберуді де көздеп отыр. Бұл функциялардың мерзімін OpenAI атаған жоқ.
Алғашқы «Қауымдастық қауіпсіздігі туралы есепті» компания 2027 жылдың басында шығаруға уәде берді. Есеп 2026 жылдың екінші жартысын қамтиды, кейінгілері жарты жыл сайын жарияланады. OpenAI бір көрсеткішті қазірдің өзінде келтірді: 2026 жылдың үшінші тоқсанында компания ықтимал тікелей қауіпке байланысты құқық қорғау органдарына 200-ден астам рет мәлімет берген. Бұл – компанияның өз деректері, оны ешкім тәуелсіз тексерген жоқ.
Жаңа шектеулер алдағы апталарда енгізіле бастайды. OpenAI елдер бойынша кестені жарияламады, сондықтан Қазақстанға қатысты мерзім туралы компания ештеңе айтпады. ChatGPT Қазақстанда қолжетімді, орыс және қазақ тілдерінде жұмыс істейді.
ChatGPT for Teens деп аталатын жеке жасөспірімдер режимін OpenAI 2026 жылғы тамызда іске қосты. Жүйенің бағалауы бойынша 18-ге толмаған немесе жасын 13 бен 17 аралығында көрсеткен қолданушыларға бұл режим автоматты түрде қосылады. Хат алмасудағы мінез-құлқына қарап жасын анықтауды компания қаңтарда бастаған. Ата-ана бақылауы арқылы ересектер өз аккаунтын баласының аккаунтымен байланыстырып, ауыр қауіп туралы хабарлама ала алады.



