Астанада қалалық мәслихат депутаттығына 121 үміткер тіркелді, олардың басым бөлігі — 82 адам өзін-өзі ұсынған. Бұл туралы 12 наурызда ОСК баспасөз орталығында өткен брифингте аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері мәлімдеді.
Саяси партиялар 33 үміткерді, қоғамдық бірлестіктер алты үміткерді ұсынған.
Үгіт жүргізу үшін елорда әкімдігі партиялардың баспа материалдарына 31 орын, қалған үміткерлердің материалдарына 54 орын белгілеп, жабдықтады. Сайлаушылармен кездесу үшін шарт негізінде берілетін 13 үй-жай табылды.
«Сайлауалды үгітті жүргізуде сенім білдірілген тұлғаларға ерекше рөл беріледі», — деді брифинг спикерлері. Үміткерлер мен партиялар оларды өздері тағайындайды, бірақ бір сайлау учаскесіне үш адамнан артық болмауы тиіс. Брифинг кезінде бес партиядан — «Нұр Отан», ҚКХП, «Ақ жол» ДПК, «Бірлік» және «Ауыл» ХДПП — 731 сенім білдірілген тұлға тіркелген. Округтік комиссиялар үміткерлердің тағы 836 сенім білдірілген тұлғасын тіркеді.
Әр үміткерге республикалық бюджеттен бірдей сома — 245 мың теңге бөлінеді. Бұл қаржыны теледидар мен радиода сөз сөйлеуге, екі мақала жариялауға, баспа үгітіне, кездесуге арналған үй-жай жалдауға және көлікке жұмсауға болады.
Сонымен қатар үміткерлер көлемі 13 млн теңгеден аспайтын жеке сайлау қорын құрып, оны өз бетінше жұмсай алады. Қорлардың шығынын банктермен бірге округтік комиссиялар бақылайды, ал түсім мен шығыс туралы есептер екі апта сайын БАҚ-та жарияланып отырады.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



