Дүйсенбі, 9 қарашада журналистерге брифинг өткізген АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі Ресейдің Украинаға қарсы соғысты аяқтауға нақты ниеті барын алғаш рет байқағанын айтты. «Ресей тарапының соғысты шын мәнінде аяқтағысы келетінін алғаш рет сезініп отырмын», – деді ол. Шенеуніктің аты аталмайды. Бұл мәлімдеме Украина, АҚШ және Ресейдің Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өтетін үшжақты келіссөздерінен бір күн бұрын жасалды.
Шенеуніктің айтуынша, тараптар көпшілік алдында әлі де қатаң ұстанымда тұр: Украина ресей әскерінің басқыншылыққа дейінгі шекараға шегінуін талап етеді, ал Путин бүкіл Донбасты – Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарын алғысы келеді. Алайда оның сөзінше, бейресми әңгімелерде Мәскеу де, Киев те аумақ алмасу мүмкіндігіне қатысты «біршама икемділік» танытып отыр. Аумақ жөнінде келісім жасалса, ол соғыстан кейінгі қауіпсіздік мәселелері шешілгеннен кейін, ең соңында қабылдануы мүмкін.
Келіссөздер 10–11 қарашада АҚШ-тың делдалдығымен өтеді. Америка тарапынан арнайы өкіл Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысады, ал Украина делегациясын Сыртқы барлау қызметінің басшысы Рустем Умеров бастап барады. Бұл – ақпаннан бергі алғашқы үшжақты келіссөз. Басты тақырып Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері болмақ. Соның ішінде НАТО жарғысының 5-бабына ұқсас қорғаныс, яғни «біреуге шабуыл – барлығына шабуыл» қағидаты талқылануы мүмкін. Шенеуніктің айтуынша, Әбу-Дабиден кейін Уиткофф пен Кушнер Путинмен кездесу үшін Ресейге баруы ықтимал.
Келіссөз алдында американдық өкілдер Украина, ЕО, НАТО, Германия, Франция, Ұлыбритания және Италия өкілдерімен кездеседі. Бұл туралы Джаред Кушнер X желісінде жазды. «Президент Трамп осы сұмдық соғысты тоқтатуға бел буып отыр», – деп атап өтті ол. Ал Кремль Әбу-Дабидегі келіссөздің өзі еуропалықтарсыз өтетінін айтып отыр.
Киев пен Еуропа үлкен үміт артудан сақ. Украина халық депутаты Давид Арахамия алғашқы раундта серпіліс болуы екіталай екенін, үміт екінші раундқа артылып отырғанын айтты. ЕО дипломатиясының басшысы Кая Каллас Ресейдің келіссөзді адал жүргізіп жатқанына ешқандай белгі көрмейді. Батыс БАҚ-тың мәліметінше, Путин әлі де бүкіл Донбасты беруді, Украина армиясын қысқартуды және Киевтің НАТО-ға кіруден бас тартуын талап етеді. Украина бұл шарттарды бұған дейін қабылдамаған.
«Соғысты аяқтау ниеті» туралы сөздер Ресей бейбіт қалаларды лаңкестік атқылауын тоқтатпай отырған тұста айтылып отыр. Сол күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Ұлыбританияның тұрақты өкілі Сара Макинтош 11 қазанда Трамп энергетикалық бітімге шақырғаннан бері Ресей Украинаға 150-ден астам баллистикалық зымыран ұшырғанын, олардың көбі энергетика нысандарына бағытталғанын еске салды. Ал бір күн бұрын Трамптың өзі CBS арнасына берген сұхбатында соғыстан кейін Украинаның пішіні «сәл басқаша» болатынын айтқан.



