Германия канцлері Фридрих Мерц ЕО елдері 2027 жылдан бастап Украинаны бірлесіп қаржыландыруға келіспесе, Еуропалық одақтың 2028–2034 жылдарға арналған келесі жеті жылдық бюджетін қолдамайтынын айтып, қорқытты. Бұл туралы Мерцтің Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаға жазған хатын көрген Financial Times басылымы хабарлады.
Мерц хатында одақтың әр елі Украина бюджетінің тапшылығын жабуға әділ үлес қосуы міндетті шарт екенін жазған. Ол бұл мәселені ЕО бюджеті жөніндегі басқа даулармен, ең алдымен қаржыға қатысты мәселелермен байланыстырды. Берлин сондай-ақ Украинаны қаржыландыру туралы шешімдер бірауыздан емес, білікті көпшілік дауыспен қабылдануын қалайды. Сонда бір ел бұл шешімдерді бұғаттай алмайды. «Украинаның қаржылық қажеттіліктері ЕО-ның келесі бюджеті аясында реттелуі тиіс», – деді Германия үкіметінің өкілі. Мерц бұл мәселені 13 қарашада Дублинде өтетін ЕО көшбасшыларының бейресми саммитіне дейін талқылағысы келеді.
Ресей агрессиясына тойтарыс беріп жатқан Украинаға 2027 жылы шамамен 70 млрд еуро жетіспейді деп күтілуде. ЕО бұл соманың үштен екісін, яғни 45 млрд еуроға жуығын жабуға міндеттеме алған. Еуропалық комиссия әртүрлі нұсқаны, соның ішінде жаңа бірлескен қарыз алуды қарастырып жатыр. Бұл қаражат ЕО елдері 2025 жылғы желтоқсанда келіскен 90 млрд еуролық несиеге қосылуы мүмкін.
Бірақ көбірек төлеуге бәрі бірдей дайын емес. Венгрия, Словакия, Болгария және Чехия бұған қатысқысы келмейтінін аңғартты. Венгрия, Словакия мен Чехия 90 млрд еуролық несие бойынша пайыз төлемеуге қол жеткізіп қойған.
Қазір Украина үшін еуропалық қаржы – басты тірек: батыс БАҚ-тың дерегінше, АҚШ Киевке қаржылай көмекті 2025 жылдың басында-ақ тоқтатқан. Осы уақытта Ресей Украина энергетикасын қиратуды жалғастырып отыр, ал кезекті соққылардан кейін ЕО Украинаға энергетика жүйесі үшін шұғыл көмек беретінін мәлімдеген.



