Мазмұнға өту

Ақорда, Мәжіліс пен Сенат бейнеленген тауарларды сатудан алып қоюы мүмкін

Президент Іс басқармасы ғимараттардың бейнесін тауар белгісі ретінде тіркеген, енді оларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды.

Қазақстан Президентінің Іс басқармасы «Ақорда», «Үкімет үйі», Мәжіліс пен Сенат бейнеленген, осы тауар белгілері тіркелгенге дейін шығарылған барлық өнімді кері қайтарып алуы мүмкін. Бұл туралы «Радиоточкаға» Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқықтары департаментінде хабарлады.

Департамент директоры Абзал Естаевтың айтуынша, тіркелген бейнелерді пайдаланатын ұйымдар мұны дереу тоқтатуға тиіс. Тіркеуге дейін шығарылған тауарлар туралы нақтылау сұрағына ол мұндай өндірушілер де тауар белгісін пайдалануды тоқтатуға міндетті екенін айтты.

Шығарылып қойған өнімнің, оның ішінде кәдесый өнімінің тағдыры азаматтық тәртіппен шешіледі: құқық иесі оны сатуға толық тыйым салып, тауарды жоя алады немесе әрі қарай сатуға рұқсат бере алады. «Бұл — құқық иесі мен осы тауар түрін шығарған адам арасындағы азаматтық тәртіптегі мәселе», — деп түсіндірді Естаев.

Министрлікте мұндай бейнелері бар басқа тіркелген тауар белгілері жоқ екенін қосты: «Тауар белгілері туралы» заңға сәйкес, жаңа тіркеу бұрын тіркелген ұқсас немесе бірдей белгілерді жоққа шығарады. Белгіні интернетте және басқа да жалпыға қолжетімді желілерде рұқсатсыз пайдалану да заң бұзушылық болып саналады.

Естаевтың сөзінше, коммерциялық тапсырыспен таныстырылым фильмдерін түсіретін телестудияларға құрылыс туралы түсірілім үшін құқық иесінің рұқсаты керек. Бейне жалпы түрде пайдаланылса, тыйым жоқ, бірақ фильмге зияткерлік меншікті тіркеу үшін рұқсат міндетті. Ақорданың алдында түскен селфи, егер адам осы бейнемен тауар белгісін не зияткерлік меншікті тіркемек болмаса, заң бұзушылыққа жатпайды.

Естаев тіркелген белгіні құқық иесінің келісімінсіз жарнама маңдайшаларына, кітап мұқабаларына және кез келген баспа өніміне орналастыруға болмайтынын атап өтті.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз