Мазмұнға өту

Алматыдағы KitapFest кітап фестиваліне үш мыңнан астам адам келді

Орталық саябақта өткен екінші KitapFest балалар әдебиетіне арналды, ал фестиваль барысында ауру балаларға 200 кітап жиналды.

Алматыда KitapFest кітап фестивалі екінші рет өтті. Қыркүйектің алғашқы сенбісінде ауа райының қолайсыздығына қарамастан Орталық мәдениет және демалыс саябағына үш мыңнан астам адам жиналды. Фестиваль Қала күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылып, балалар әдебиетіне арналды.

Кітап жәрмеңкесіне Қазақстанның 10 баспасы мен қаладағы 6 ірі кітап дүкені, сондай-ақ Орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен Бегалин атындағы кітапхана қатысты. Қонақтарға арнап семинарлар, тұсаукесерлер, шығармашылық кездесулер, авторлық ән мен өлең кеші өтті. Кітап алмасу, кітапханаға жазылу ұйымдастырылып, кітаптарға жеңілдік жасалды.

Жазушылар шатырында Юрий Серебрянский, Айдос Сырым, Павел Банников, Айжан Хамит, Дмитрий Шишкин және басқа да авторлар сөз сөйледі. Саясаткер әрі қоғам қайраткері Ерлан Карин 2014 жылы жарық көрген «Солдаты Халифата» кітабын таныстырды.

10 мың кітаптан пирамида тұрғызылып, әркім одан бір «кірпішті» сыйға алып кете алды. Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына және Жеңістің 70 жылдығына арналған көрмелер де қойылды. Балаларға шеберлік сабақтары, асфальтқа және құммен сурет салу, оригами, қуыршақ театры мен сабын көпіршіктерінің шоуы ұйымдастырылды, байқау жеңімпаздары сыйлық алды. «Балаларға кітап сыйла» қайырымдылық акциясы аясында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының онкология және гематология бөлімшесіне 200 балалар кітабы жиналды.

Фестивальді франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Кисиков пен «Бауыржан» қайырымдылық қорының директоры Жұлдыз Омарбекова ойлап тапқан. Кисиковтің айтуынша, бұл идея кездейсоқ туған. Оның пікірінше, кітап желілері коммерциялық жобаларға басымдық беретіндіктен, қазақстандық авторлар шетелдік әдебиеттің көлеңкесінде қалып жүр. «Жазушылар кітаптарын шағын таралыммен шығарады», — деді ол. Мұндай таралым көбіне таныстар мен туыстардың арасында ғана тарап кетеді. «KITAPFEST – кітап пен оқу мерекесі», — деді Кисиков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты — жас ұрпақ арасында кітап оқуды насихаттау. Жұлдыз Омарбекованың сөзінше, KitapFest елдегі ең жарқын әрі ең ірі кітап фестиваліне айналып үлгерді. KitapFest 2015-тің ұйымдастырушысы — «Бауыржан» қорының өкілі Айнұра Салимбаева, мерекені Мұрат Мұтурғанов жүргізді. Фестиваль Алматы қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен өтті.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз