Алматыда 24 тамызда қазақстандық ұлтшыл-патриоттар Тарас Шевченко ескерткішінің жанында Украинаның Тәуелсіздік күнін атап өтті. Жиынға 40-қа жуық адам келді.
Шара сағат 11:00-де Украинаның мемлекеттік әнұранымен басталды. Кобзарь ескерткішінің маңында Қазақстан мен Украинаның туы желбіреді.
Жиынның барысын бір егде әйел бұзды: ол ескерткіш маңындағы алаңды босатуды талап етіп: «Украинада қираған әрбір шіркеу үшін жауап бересіңдер! Өлтірілген әрбір діни қызметкер үшін жауап бересіңдер!» — деп айғайлады.
Алдын ала мәліметке қарағанда, құқық қорғау органдары жиынға араласпаған.
Украинаның Тәуелсіздік күні 1991 жылдан бері аталып келеді. Алғашында мереке 16 шілдемен байланысты болды: 1990 жылы осы күні УКСР Жоғарғы кеңесі Украинаның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны және «Украина тәуелсіздігін жариялау күні туралы» қаулыны қабылдады. 1991 жылғы 18 маусымда УКСР Еңбек туралы заңдар кодексіндегі мереке күндерінің тізіміне 16 шілде енгізілді.
1991 жылғы 24 тамызда УКСР Жоғарғы кеңесі Украина тәуелсіздігін жариялау актісін қабылдады, ал сол жылғы 1 желтоқсанда бүкілукраиналық референдумда халық оны қолдады. Сондықтан мереке күнін өзгерту қажет болды: 1992 жылғы 20 ақпанда Жоғарғы Рада «Украинаның Тәуелсіздік күні туралы» қаулы қабылдап, содан бері ол 24 тамызда аталып өтеді.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



