Мазмұнға өту

Алматыда колледж қоршауының тақталары 12 жасар баланы басып қалды

Никита Мамонтов достарымен бірге спорт алаңынан үйіне қайтып келе жатқанда үстіне бетон тақталар құлады.

Алматының Әуезов ауданында 15 мамыр күні кешке 12 жасар Никита Мамонтов қаза тапты. Баланың үстіне Алматы гуманитарлық-педагогикалық №2 колледжі қоршауының бетон тақталары құлаған. Бұл туралы «Радиоточкаға» баланың әжесі Наталья Науменко айтып берді.

Әжесінің айтуынша, Никита достарымен бір үйдің ауласындағы спорт алаңында ойнап, үйіне қайтып келе жатқан. Жол колледж қоршауының бойымен өтеді. Әжесі немересімен сағат 20:18-де телефонмен сөйлескен, шамамен 20 минуттан кейін оқиға орнына жетті. Ол келгенде баланы тақталардың астынан шығарып, асфальтқа жатқызып қойыпты. Жедел жәрдемді Наталья Науменко өзі шақырған.

Оқиғаны көрген бір әйел оған Никитаның тақталардың бірін итергенін, қалған балалардың артта келе жатқанын айтқан. Тақта құлап, бала астында қалған, үстінен тағы екі тақта мойнын басып қалған.

Әжесі немересі тақтаны өзі итеруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ қоршау берік болса, 12 жасар баланың салмағы бір тоннаға жуық бетон тақтаны қозғай алатынына күмәнді. Оның сөзінше, тақталар жарылып кеткен, біреуінде тесік бар еді, олардың немен ұсталып тұрғаны түсініксіз. Туыстары қоршауды суретке түсіріп алды.

Никита отбасындағы жалғыз бала еді. Колледж өкілдері туыстарына көңіл айтып, жерлеуге көмектесуге уәде берді. Аудан әкімдігі де көмек ұйымдастырды: әкім мен оның орынбасары полицияда болды.

Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны әзірге жазатайым жағдай ретінде қарастырып отырғанын, бірақ барлық мән-жайы анықталатынын хабарлады.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз