Microsoft өткен аптадағы Outlook-тың жаһандық ақауының алдын ала алатын еді. Мұны компанияның бас директоры Сатья Наделла CNBC-ге берген сұхбатында мойындады. Ол Джим Крамердің Mad Money бағдарламасына АҚШ уақытымен 18 қарашада кешке, Астана уақытымен 19 қарашада таңертең шықты.
«Бұл белгілі бір трафик кезінде ғана жасырын қате анықталған сондай ақылға сыймайтын мінсіз дауылдардың бірі болды, — деді Наделла. — Әрине, біз тестілеуді алдын ала жүргізуіміз керек еді. Жаһандық ақау болмас үшін қалқандарды қалай орнату керегін ойластыруымыз керек еді». Инженерияда қалқан деп жүйе бөліктерін бір-бірінен оқшаулауды айтады: біреуі бұзылса, қалғаны жұмысын жалғастырады.
Наделланың айтуынша, ақау ауқымдырақ мәселені көрсетті. Жасанды интеллект компанияларға бағдарламалардағы қателерді тезірек табуға көмектеседі, бірақ әр түзетуді орнату керек, ал бұл тұрақтылықты бұзады. «Жасанды интеллект бізге осы қателерді тауып, түзетуге мүмкіндік берді. Бірақ бұл оларды кейін жамау керек дегенді білдіреді, ал бұл тұрақсыздық тудырады», — деді ол. Сосын: «Менің ойымша, біз көріп отырғанның көбі — ішінара жаңа патчтар орнатылған ескі инфрақұрылым және тұрақсыздық», — деп қосты.
Пайдаланушылар үшін бұл нені білдіреді. Қазір Outlook, Teams және Microsoft 365-тің басқа қызметтері қалыпты жұмыс істеп тұр: компания оларды 14 қарашада қалпына келтірді. Наделла сұхбатында клиенттерге арналған жаңа шараларды атаған жоқ. Microsoft инцидент туралы толық есепті тексеру аяқталғаннан кейін жариялауға уәде берген.
Ақау 12 қараша, бейсенбі күні Астана уақытымен шамамен 23:00-де басталып, бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Пайдаланушылар Outlook поштасын, Teams-ті, Copilot көмекшісін және компанияның басқа кеңсе қызметтерін аша алмады. Downdetector деректері бойынша, шағымдар 74 елден түскен. Сол кезде Microsoft инцидентті желідегі өзгерістермен байланыстырып, кибершабуыл болғанын жоққа шығарды — компания Outlook пен Teams жұмысын қалай қалпына келтірді. CNBC мәліметінше, Outlook ақауы сол аптадағы авиакомпаниялардың жұмысы мен банк операцияларына әсер еткен ірі техникалық ақаулар тізбегінің біріншісі болды.



