Өскеменде Сәтбаев даңғылындағы жаңа көлік жол айрығына көліктердің жылдамдығын бақылайтын «Мерген» кешені орнатылды. Камера КШТ шағынауданына қарай бағытты қадағалайды, деп хабарлады ШҚО полиция департаменті. Құрылыс жүріп жатқанда жол айрығында рұқсат етілген жылдамдық — сағатына 40 шақырым.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауын бақылау үшін салынып жатқан көлік жол айрығының жаңа учаскесінде КШТ шағынауданы бағытында «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды», — деп түсіндірді полицияда. YK-news хабарлауынша, бұған дейін бұл учаскедегі жол жағдайын дронмен бақылап келген. Полиция осындай кешенді қарсы бағытқа да — қала орталығына қарай, Ертіс өзеніндегі көпірдің жанына орнатуды жоспарлап отыр.
Жол айрығы Сәтбаев даңғылы, Базовая, Жібек жолы көшелері мен Есенберлин даңғылының қиылысында салынып жатыр. Бұл — қаладағы ең көп көлік жүретін қиылыстардың бірі. Сәтбаев бағытындағы жол өтпесінде көлік қозғалысы 3 қарашада техникалық режимде ашылды: тұрғындардың өтінішін және екінші тоқсанның басталуын ескеріп, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қозғалысты ертерек ашуды тапсырған. Нысан пайдалануға берілгенше жол өтпесінде жылдамдық сағатына 40 шақырыммен, ал сақинада 30 шақырыммен шектелген.
Есенберлин даңғылына қарай бағыт әзірге жабық: суықта асфальт төсеуге болмайтындықтан, ол тек мамырда ашылады. Келесі жылы жол айрығына асфальттың соңғы қабаты төселіп, жаяу жүргінші жолдары, өткелдер және жарықтандыру жасалады. Құны 36 млрд теңге болатын жоба есеп бойынша қиылыстың өткізу қабілетін тәулігіне 85 мыңнан 200 мыңнан астам көлікке дейін арттыруы тиіс.



