Петропавлда бірнеше отбасы бесінші ай бойы Рабочий поселкесіндегі барак үлгісіндегі үйде тұрып жатыр. Пәтерлердің бірінде шатыр құлағаннан кейін бұл үй апатты деп танылған. Оларға уақытша баспана әлі берілмеді: қала әкімдігі қазір мемлекеттік тұрғын үй қорында бос пәтер жоқ екенін түсіндірді. Тұрғындарды келесі жылы Рабочий поселкесінде салына бастайтын жаңа үйлерге көшіру көзделіп отыр.
Шатыр жазда әкімдікке тиесілі пәтерде құлаған. Осыдан кейін үйді комиссия тексеріп, апатты деп таныды. Зардап шеккен пәтермен көршілес тұратын Ольга Ишутина Almaty.tv телеарнасына жылу саңылаулардан тез шығып кететінін, қабырға мен аражабындар кез келген сәтте құлауы мүмкін екенін айтты. «Кезекке тұрыңыз деді. Кезекте тұрғанымызша бізге уақытша баспана беруі тиіс еді. Бірақ ештеңе берген жоқ. Хабарласамыз, өтініш айтамыз, олар ертең, бүрсігүні, болмаса бір аптадан кейін дейді», — дейді ол. Әйелдің айтуынша, сараптама оның қабырғасы дәл әкімдіктің көрші пәтері салдарынан бұзылып жатқанын растаған. «Тым болмаса жатақхана беріңізші, тұратын жерім жоқ! Менің жалғыз баспанам осы», — деді ол.
Әкімдік мәселенің шешімін реновация бағдарламасынан көріп отыр. «Келесі жылы Рабочий поселкесінде алты көппәтерлі үйдің құрылысын бастау жоспарланған. Бұл жаңа үйлерге жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар көшіріледі. Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорында бос баспана жоқ. Ол тек келесі жылы пайда болады», — деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Алена Хан.
Мәселе тек осы баракқа қатысты емес. Петропавлда барлығы 30-ға жуық апатты көпқабатты үй және шамамен 100 тозығы жеткен жеке үй бар. Сол Рабочий поселкесінде 1936 жылы салынған алты ағаш екі қабатты үй 2022 жылы-ақ апатты деп танылған.



