«Самұрық-Қазына» қоры басқармасының жаңа төрағасы жақын арада тағайындалады. Бұл туралы қордың директорлар кеңесін басқаратын Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Мәлімдеме «Самұрық-Қазына» сайтында 18 қарашада, сот қор басшысы Нұрлан Жақыповты қамауға алуға санкция берген күні жарияланды.
«Қазіргі кезеңде сөз нақты бір жағдай туралы болып отыр. Бұл жағдай Қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайды», – делінген мәлімдемеде. Бектенов «басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі» деп уәде берді. Оның айтуынша, жағдай Мемлекет басшысының бақылауында, ал тергеу объективті әрі жан-жақты жүргізілуге тиіс.
Премьер қордың стратегиясы өзгермейтінін, топ компаниялары штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын, ал инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспар бойынша жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы міндеттемелер уақтылы әрі толық көлемде орындалады.
Сонымен қатар Бектенов топ ішіндегі шараларды жариялады. Ол қор мен еншілес компаниялардың директорлар кеңестерін, ең алдымен аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерін күшейтуді ұсынды. Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралады. «Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру», – делінген мәлімдемеде.
19 қарашада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Жақыпов әзірге Қазақстан су спорты түрлері федерациясының президенті болып қала беретінін хабарлады. Бұл лауазым бойынша шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданады.
Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталғанын ҰҚК 12 қарашада хабарлаған. Күдіктің мәні ашылмаған, үкім шыққанға дейін олар күдікті болып саналады. 19 қарашада ҰҚК қордың сатып алу департаментінің директорына қатысты тергеуді де растады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорларға аяушылық болмайтынын мәлімдеді.



