Алматы облысындағы Есік көліне апаратын жол туристер үшін бес айға жуық жабылды. Іле Алатауы ұлттық паркінің хабарлауынша, 2026 жылғы 17 қарашадан 2027 жылғы 15 сәуірге дейін жолдың 7-шақырымынан бастап көлікпен жүруге болмайды.
Шектеу барлығына бірдей қолданылмайды. «Жолмен тек қызмет көрсететін ұйымдар, шұғыл қызметтер және жергілікті тұрғындар жүре алады. Сапар жоспарлағанда осы шектеуді ескеруді сұраймыз», — делінген ұлттық парктің хабарламасында. Жолды неге дәл қазір жапқанын парк нақтыламады.
Ұлттық парк хабарландыруды өзінің Instagram парақшасында жариялады:
Есік көлі Іле Алатауындағы Есік шатқалында, Есік қаласының маңында орналасқан. Бұл — алматылықтар демалыс күндері жиі баратын танымал орындардың бірі: мұнда көгілдір суы мен тау көрінісін тамашалауға келеді. Қыста көлге апаратын жол алғаш рет жабылып отырған жоқ: 2025 жылдың басында ұлттық парк қар көшкіні мен өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 27 қаңтардан 31 наурызға дейін көлге баруға тыйым салған.
2025 жылдың жазында көл маңында басқа дау шыққан еді. Туристер ресми экобекеттен кейін екінші шлагбаум қойылып, көлікпен кіру мен тұрақ үшін чексіз ақша алынғанына шағымданған. Сол кезде Алматы облысының әкімдігі мұндай алымды заңсыз деп атап, шлагбаумдар алынып тасталды.



