UFC-тің жартылай орта салмағындағы бұрынғы титул үміткері, америкалық Стивен Томпсон Ислам Махачев жетістіктері жағынан досы әрі тәлімгері Хабиб Нұрмағамедовтан асып түсті деп санайды. Ардагер бұл пікірін Full Mount MMA-ға берген сұхбатында айтты.
«Менің ойымша, ол Хабибтен де көп нәрсеге қол жеткізді. UFC тарихындағы ең ұлы жекпе-жекшілердің бірі деген мәртебесін барған сайын бекіте түсуде. Қарсыластарымен не істегенін қараңызшы. Жеңіл салмақта бәрінен басым түсті, енді жартылай орта салмақ дивизионында да солай үстемдік етіп жүр. Бұдан артық не керек? Ол, сөзсіз, барлық уақыттағы ең ұлы үш жекпе-жекшінің қатарында», — деді Томпсон.
Американдықтың басты дәлелі — екінші дивизион. Хабиб жеңіліс көрмеген жеңіл салмақ чемпионы ретінде мансабын аяқтады, басқа санатқа ауыспады. Ал Махачев жеңіл салмақта белбеуін бірнеше рет қорғағаннан кейін жартылай орта салмаққа көтеріліп, онда да чемпион атағын жеңіп алды. Қазір ол 77 келіге дейінгі салмақтағы UFC чемпионы.
Томпсонның сөзі Нұрмағамедовтар командасына қатысты жанжал аясында айтылды. Усман Нұрмағамедов Абу-Дабидегі қонақүйде Мераб Двалишвилимен төбелескеннен кейін Махачев жерлестерінің әрекетін ақтауға тырысты. Бұл үшін оны бұрынғы чемпион Алджамейн Стерлинг қатты сынап, Хабиб командасын екіжүзділікке айыптады.
Стивен Томпсон 43 жаста, UFC-те 2012 жылдан бері өнер көрсетіп келеді және жартылай орта салмақтағы чемпион белбеуі үшін екі рет жекпе-жекке шықты. Октагонда Махачевпен кездескен емес.



