Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Huawei Mate X8 Қытайда таныстырылды: бағасы 12 999 юаньнан басталады

2 ТБ жадысы бар ең қымбат нұсқасы 20 999 юань тұрады және басқаларынан кешірек, 20 желтоқсанда сатылымға шығады.

Складной смартфон Huawei Mate X8
Фото: Huawei

Huawei Қытайда Mate X8 бүктемелі смартфонын таныстырды. Таныстырылым 24 қарашада Астана уақытымен сағат 11:30-да басталды, деп хабарлайды Huawei Central. 12 ГБ жедел және 256 ГБ ішкі жады бар базалық нұсқасы 12 999 юань, яғни шамамен 888 мың теңге тұрады. Былтырғы Mate X7 сатылымға шыққанда дәл осындай бағамен сатылған.

Қытайда алдын ала тапсырыс таныстырылым күні ашылды, ал сатылым 4 желтоқсанда басталады. Смартфонның барлығы бес нұсқасы бар, оның үш қымбатын Huawei коллекциялық деп атайды.

Жады Қытайдағы бағасы Теңгемен
12 ГБ + 256 ГБ 12 999 юань ≈ 888 мың
12 ГБ + 512 ГБ 13 999 юань ≈ 956 мың
16 ГБ + 512 ГБ, коллекциялық 15 999 юань ≈ 1,09 млн
16 ГБ + 1 ТБ, коллекциялық 16 999 юань ≈ 1,16 млн
16 ГБ + 2 ТБ, коллекциялық 20 999 юань ≈ 1,43 млн

2 ТБ нұсқасы кешірек — 20 желтоқсанда сатылымға шығады. Компания Қытайдағы сатып алушыларға ескі смартфонын өткізгені үшін 800 юаньға дейін (шамамен 55 мың теңге) жеңілдік және 12 айға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынады.

Алдыңғы модельден басты айырмашылығы — корпусында. Mate X8 бүктелген күйде 8,95 мм, ашқанда 4,2 мм қалыңдықта, ал Mate X7-де бұл көрсеткіш 9,5 және 4,5 мм болған. Huawei мәліметінше, бұл — Mate X сериясындағы ең жеңіл смартфон. Ішкі экраны 8,2 дюймге, сыртқы экраны 6,54 дюймге дейін үлкейді, ал компанияның айтуынша, үлкен дисплейдегі бүктеме ізі көрінбейді. Смартфонға Mate 90 Pro Max-тағы Kirin 9050 Pro процессоры және алдыңғы модельдегі 5500 мА·сағ орнына 6200 мА·сағ батарея орнатылған. Смартфон HarmonyOS 7 операциялық жүйесінде жұмыс істейді.

Артқы панелінде төрт камера бар: диафрагмасы өзгермелі негізгі камера, 40 Мп кең бұрышты камера, 3,5 есе оптикалық жақындататын 50 Мп телефото камера және түстерге жауап беретін мультиспектрлі датчик.

Mate X8 Қазақстанда қашан және қанша бағамен сатылатынын Huawei хабарлаған жоқ, таныстырылымда Қытайдан тыс сатылым туралы да айтылмады. Gizchina мәліметінше, былтырғы Mate X7 Қытайдағы премьерадан кейін шамамен бір айдан соң Дубайға жеткен.

Осы іс-шарада Huawei Watch Air сағатын шығарды және жұқа Mate 90 Air смартфонын көрсетуге уәде берген еді. Mate 90 сериясының флагмандарын компания 1 қазанда таныстырған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз