Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина мансабында алғаш рет Халықаралық конькиші одағының (ISU) әйелдер арасындағы жекелей сырғанау бойынша әлемдік рейтингінің үздік ондығына енді. АҚШ-тың Эверетт қаласында өткен Skate America Гран-при кезеңінен кейін ол 13-орыннан оныншы орынға көтерілді, деп хабарлады Sports.kz.
Ондыққа енуге Эвереттегі бесінші орын себеп болды: ол үшін спортшы 320 рейтингтік ұпай алып, жалпы ұпайын 2881-ге жеткізді. Қысқа бағдарламадан кейін Самоделкина 61,03 баллмен 11-орында ғана тұрған еді, алайда еркін бағдарламада төртінші нәтиже көрсетіп (137,56 балл), сайысты 198,59 баллмен аяқтады.
Рейтингті 4412 ұпаймен жапониялық Моне Тиба бастап тұр, екінші және үшінші орындарда — америкалық Алиса Лью (4248) мен жапониялық Ами Накаи (3858). Қазақстандық спортшыдан бір саты жоғары, тоғызыншы орында америкалық Брэди Теннелл (2934) тұр. ISU әлемдік рейтингі мәнерлеп сырғанаушылардың чемпионаттардағы, Гран-при кезеңдеріндегі және өзге де халықаралық жарыстардағы үздік нәтижелерінен құралады.
Skate America Самоделкина үшін осы маусымдағы екінші Гран-при кезеңі болды. Алдыңғы кезеңде, Канаданың Келоуна қаласында да ол 206,89 балл жинап, бесінші орын алған. Қазан айының басында 19 жастағы спортшы әлемдік рейтингте 15-орында еді.
Өткен маусымда Самоделкина Бейжіңдегі Төрт құрлық чемпионатына қатысты, 2026 жылғы Италиядағы Олимпиада ойындарында оныншы, Прагадағы әлем чемпионатында 12-орын алды. 2025 жылы ол Жапониядағы NHK Trophy Гран-при кезеңінде күміс жүлдеге ие болып, ересектер арасындағы Гран-при жүлдесін алған алғашқы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды.



