Ла Лиганың 13-турындағы «Реал» — «Сельта» матчының алдында 21 қарашада «Сантьяго Бернабеу» стадионында Хесус де Мигельдің рухына құрмет көрсетілді. «Тенерифе» шабуылшысы қараша айының басында қарсылас қақпашымен соқтығысқаннан кейін көз жұмған еді. Алаңға футболшының әйелі, әпке-қарындасы және әкесі шықты, деп хабарлады Marca. Бес минутқа созылған рәсім 75 мың көрермен үшін тосын болды, ал де Мигельдің туыстары көз жасын тыя алмады.
Екі команданың футболшылары арқасында 9 нөмірі мен де Мигельдің тегі жазылған футболкамен алаңға шықты. «Реал» президенті Флорентино Перес пен «Сельта» президенті Мариан Моуриньо отбасын алаң шетінде қарсы алып, олармен бірге алаңның ортасына дейін барды. «Реалдың» капитандары — футбол командасынан Федерико Вальверде, әйелдер командасынан Атенеа дель Кастильо және баскетбол командасынан Серхи Льюль — «Сельта» капитаны Яго Аспаспен бірге туыстарына екі клубтың қолтаңба қойылған футболкаларын тапсырды. Оңтүстік трибунада шабуылшының суреті салынған баннер ілінді. «Бернабеу» ұзақ қол шапалақтады, ал рәсім бір минуттық үнсіздікпен аяқталды.
Де Мигель «Реалда» ешқашан ойнамаған, бірақ әрдайым өзін мадридтіктердің жанкүйерімін деп айтып жүрген. Мансабының басым бөлігін ол Мадрид клубтарында — «Леганес», «Фуэнлабрада», «Интернасьонал де Мадрид», «Адарве» және «Навалькарнеро» командаларында өткізіп, 2025 жылғы шілдеде «Тенерифеге» ауысқан. Алаңдағы рәсімнен бөлек, «Реал» стадионның 9-қақпасының жанына оның суретін орналастырды.
30 жастағы шабуылшы 2 қарашада Сегунданың «Андоррамен» ойынында қақпашы Хесус Овономен соқтығысып, басы мен кеудесінен жарақат алды да, келесі күні ауруханада қайтыс болды. Оның артында екі жасқа толмаған қызы қалды. Испания футбол федерациясы оның құрметіне барлық деңгейдегі матчтар 9-минутта тоқтатылатынын жариялады — 7 қарашада «Месталья» стадионында өткен «Валенсия» — «Реал» ойынында да солай болды. Ал «Сельтамен» болған матчты мадридтіктер 2:1 есебімен жеңді.



