Семейде жаңа туған баласы қоқыс контейнерінен табылған бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты үкім заңды күшіне енді. Әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды, ал анасы рақымшылық бойынша жазадан босатылды. Бұл туралы 27 қарашада Абай облысының прокуратурасы хабарлады.
Нәрестенің денесі биыл ақпанда Семейдегі қоқыс контейнерлерінің бірінен табылған. Істі Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сот анықтағандай, бала дүниеге келгеннен кейін ер адам нәрестені алып кетіп, қоқыс контейнеріне қалдырған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, нәресте тірі туылған, ал оның өлімі денесінің шамадан тыс салқындауынан болған.
Әкесі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған осы баптың санкциясында көзделген жалғыз жаза түрін – төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейтін өмір бойына бас бостандығынан айыруды тағайындады. Анасы ҚК-нің 100-бабы (жаңа туған баланы анасының өлтіруі) бойынша кінәлі деп танылды, бұл бап бойынша ең ауыр жаза – төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру. ҚК-нің 55-бабын ескеріп, сот оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда бұл қылмыс ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады және рақымшылық актісінің аясына кіреді, сондықтан ол жазаны өтеуден босатылды.
Прокуратура үкім туралы хабарламаны бейнежазбамен бірге Бас прокуратураның Telegram-арнасында да жариялады.
Үкім қазан айының ортасында жарияланған. Сот деректеріне қарағанда, үйде жасырын босанған 20 жастағы ана полицияның кіші сержанты, ал оның 2000 жылы туған жігіті аға лейтенант болып қызмет еткен. Екеуі де атағынан айырылды. Олар кінәсін мойындамаған, бірақ сот SMS-хабарламаларды, WhatsApp-тағы хат алмасуды, айғақтар мен сараптама қорытындыларын зерттеп, кінәсі дәлелденді деп тапты.



