Астанада қарақшылық шабуыл ұйымдастырды деген күдікпен 10 жыл бойы іздеуде жүрген шетел азаматы Мадридте ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы 27 қарашада Бас прокуратура хабарлады. Экстрадицияны Бас прокуратура қызметкерлері ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды.
Тергеу деректері бойынша, 10 жыл бұрын күдікті екі сыбайласымен бірге бетперде мен қолғапты алдын ала дайындап, жәбірленушінің үйіне терезе арқылы кірген. Олар үй иесінің қарсылығын басу үшін оған күш қолданып, пышақпен жарақаттаған, содан кейін ақшасын, зергерлік бұйымдары мен гаджеттерін иемденген.
Қатысушылардың бірі ізін суытпай ұсталып, кейін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалғандары қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып кеткендіктен, халықаралық іздестіруге жарияланған. «Кейіннен іздестіруде жүрген күдіктінің біреуі Мадрид қаласында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды», – делінген ведомство хабарламасында.
Бас прокуратура хабарламаға қатысты бейнежазбаны өзінің Telegram-арнасында жариялады.
Күдіктіге тағылған айып бойынша мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бас прокуратура ұсталған адамның аты-жөнін және азаматтығын атаған жоқ.



