Мазмұнға өту

Үкім: «Көктал» СО-дағы төбелес үшін екі жасөспірім 5 жылға сотталды

Тонау, ұрлық пен алаяқтықтан келген жалпы залал 3 млн теңгеден асты, ал төбелеске қатысқан тағы үш жасөспірімді сот қылмыстық жауаптылықтан босатты.

Человек достаёт смартфон из кармана
Фото: NUR.KZ

Астанада екі жасөспірімге бес жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот оларды «Көктал» сауда орталығындағы жаппай төбелеске қатысқаны, сондай-ақ тонау, ұрлық пен алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы астаналық сот хабарлады. Істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Төбелес 26 наурызда болған. Сот деректеріне қарағанда, бір топ жасөспірім бұған дейін өздерінің бірін ұрған жігітпен «есеп айырысу» үшін сауда орталығына келген. Тамақтану аймағында басталған сөз таласы төбелеске ұласып, топ үш жәбірленушіні соққыға жыққан, ал келушілер арасында дүрбелең туған.

Қалған эпизодтарды сот сәуір мен маусым аралығында болды деп анықтады. 17 сәуірде екі сотталушы бұрын араздасып қалған кәмелетке толмаған жасөспірімнің соңынан аңдып жүріп, пышақ пен телескопиялық таяқпен қорқытып, оның 341 981 теңгелік смартфонын тартып алған, кейін оны сатып жіберген. 30 сәуірде олардың біреуі анықталмаған екі сыбайласымен бірге телефонын ломбардқа өткізуден бас тартқан жігітті скверде ұрған, сараптама оның денсаулығына жеңіл зиян келгенін анықтады. 15 мамырда ол танысының телефоны арқылы оған білдірмей депозиттік шотына кіріп, 620 мың теңгені ұрлаған. Жасөспірімдер бөтен адамдардың телефонын қоңырау шалу сылтауымен алып немесе қолынан жұлып кеткен. 29 мамырда олар Бурабай ауданындағы дүкен сатушысынан iPhone 15 Pro ұрлап, оның шотынан 237 мың теңге шешіп алып, телефонды сатып жіберген – шығын 837 мың теңге болды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы залал 3 068 981 теңгені құрады.

Жаза тағайындағанда сот қылмыстардың мән-жайы мен ауырлығын, эпизодтар санын, сотталушылардың жеке басы туралы деректерді және жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Сотталған екі жасөспірім де кінәсін мойындап, өкінген, олардың біреуі бұған дейін ұрлық үшін сотталған. Шығын өтелгендіктен, жәбірленушілер азаматтық талап-арыздан бас тартты. Іс бойынша жауапқа тартылған тағы үш жасөспірімді сот қылмыстық жауаптылықтан босатты: олар адам өліміне немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіруге байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған, жәбірленушімен татуласып, келтірілген зиянды өтеген. Оларға тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шаралары қолданылды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз