«Астана» футбол клубы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімінде екі рет тұр, қарыздың жалпы сомасы — 221 089 480 теңге. Осыған байланысты клубтың көлігіне тыйым салынып, тіркеу және нотариаттық әрекеттер жасауға шектеу қойылды. Бұл туралы контрагенттерді тексеру сервисі pk.adata.kz-ке сілтеме жасап, спорт журналисі Иван Резванцевтің «Дядя Ваня» телеграм-арнасы хабарлады.
Екі іс бойынша да өндіріп алушы — «MTEX Management» ЖШС. Бұл — елордадағы ірі спорт нысандарын басқаратын бірыңғай компания: оның қарамағында «Астананың» өзі ойнайтын «Астана Арена» стадионы, «Барыс Арена» мен «Алау» мұз сарайлары және Barys Arena Pool бассейні бар.
Қарыздан бөлек, клубта айыппұл да жиналып қалған. Соңғы бір жылда «Футбол клубы «Астана» жеке мекемесі жол жүру ережесін бұзғаны үшін жалпы сомасы 668 213 теңге болатын 101 әкімшілік айыппұл алған, олардың бірде-біреуі төленбеген.
«Дядя Ваня» арнасының клуб қарызы туралы жарияланымы:
«Астана» — Қазақстандағы ең көп атақ жеңген клуб. Аяқталған ҚПЛ-2026 маусымында Григорий Бабаянның командасы 30 ойында 54 ұпай жинап, қола жүлдеге ие болды, тек чемпион «Ордабасы» мен «Қайраттан» ғана қалып қойды. Маусымаралық кезеңде елорда клубының басқа да түйткілі жетерлік: тәжірибелі жартылай қорғаушы Бауыржан Исламхан 15 қарашадан бері еркін агент мәртебесінде жүр және инсайдердің дерегінше, «Тұранға» ауысуы мүмкін.



