«Астана Опера» театрында «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті. Массагет патшайымы туралы қойылым Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды, деп хабарлайды 24KZ телеарнасы. Қойылым үлкен залдың сахнасында 27 қарашаға дейін көрсетіледі.
«Томирис» – «Астана Опера» шығармашылық ұжымы театрға арнайы жасаған алғашқы толыққанды екі актілі ұлттық балет, деп нақтылады Мәдениет және ақпарат министрлігі. Музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хамит Шаңғалиев жазды, хореографиясын балет труппасының солисі Сұлтанбек Ғұмар қойды, либреттосының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Ермек Аманшаев. Сценография мен жарық тұжырымдамасын жапондық сценограф Йоко Сеяма әзірледі, ал сақ дәуірінің өнерінен шабыт алған костюмдердің авторы – Дариға Тайшықова.
Балет көрерменді біздің заманымызға дейінгі VI ғасырға жетелейді. Оқиға ортасында – Томирис патшайым, оның ұлы Спаргапис және парсы патшасы Кирмен тартыс: ұлынан және көптеген жауынгерінен айырылған Томирис жауға тойтарыс беру үшін халқын жинайды. Либретто авторы кейіпкерді тек қаһарман жауынгер ретінде ғана көрсеткісі келмеген. «Ол жай ғана патшайым емес, сонымен бірге әйел, ана, өмірге, баласына, халқына және айналасындағыларға өзіндік көзқарасы бар адам болды», – деді Ермек Аманшаев.
Қойылымда классикалық балет қазақ биінің элементтерімен және заманауи хореографиямен ұштастырылған. «Сол дәуірдің атмосферасын жеткізу үшін біз дәстүрлі симфониялық дыбыстан бас тартып, ұлттық аспаптарды пайдалана отырып, заманауи музыкалық шешімдерге жүгінуді жөн көрдік», – деп түсіндірді Сұлтанбек Ғұмар. Музыкада сазсырнай, сыбызғы, дабыл және домбыра үні естіледі.
Томирис партиясын театр солисі София Әділханова орындады. «Қойылымдағы эмоционалдық жүктеме өте зор», – деді ол. Балеринаның айтуынша, қойылымда патшайымның аналық қыры көбірек көрсетілген, бұл оған оңай болмаған: «Маған айтарлықтай қиын болды, өйткені мен ана емеспін».
Премьераға Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Эстонияның мәдениет министрі Хейди Пурга, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Банька, дипломаттар мен өнер қайраткерлері келді. Спектакльден кейін Арман Қырықбаев труппамен кездесіп, ұжымды премьерамен құттықтады.



