Дональд Трамп әкімшілігі Азия сапары кезінде АҚШ президенті мен КХДР көшбасшысы Ким Чен Ынның кездесуін соңғы сәтке дейін ұйымдастыруға тырысты, бірақ саммит өтпей қалды: Пхеньян Вашингтон қабылдай алмайтын шарттар қойды. Бұл туралы келіссөздерден хабардар адамдарға сілтеме жасап The Wall Street Journal хабарлады. Солтүстік Корея нақты қандай шарттар қойғанын газет көрсетпеген.
WSJ дерегінше, кездесу үшін америкалық шенеуніктер елеулі жеңілдіктерді талқылаған. Нұсқалардың арасында тек бітіммен тоқтаған 1950–1953 жылдардағы Корей соғысын ресми түрде аяқтау туралы декларация бар. Сондай-ақ АҚШ КХДР-ды ядролық держава деп мойындамайтын, бірақ оның ядролық бағдарламасын жоюды да талап етпейтін мәлімдеме қаралған. Оның орнына Вашингтон ядролық сынақтар мен зымыран ұшыруды шектеуге қол жеткізуді көздеген. Дипломатиялық қатынас орнатудың алғашқы қадамы ретінде байланыс кеңселерін ашу мәселесі де талқыланған.
Газеттің жазуынша, Ким Чен Ынмен байланысуға өткен жылдан бері талпыныс жасалып келеді. Трамп онымен қолданыстағы телефон желілері мен байланыс арналары арқылы хабарласпақ болған, бірақ ешкім кері қоңырау шалмаған. Содан кейін президент хат жазған, алайда оны жеткізу оңай болмаған. Ақ үйдің жоспары бойынша бір топ адам Манхэттендегі КХДР-дың БҰҰ жанындағы өкілдігінің алдында солтүстіккореялық дипломат өтіп бара жатқанын күтіп, оның қолына хатты ұстатқан. Кейін БҰҰ-дағы жиында дипломат ашылмаған хатты АҚШ өкілінің алдына лақтырып тастаған.
Трамп 18–19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен АТЭЫ саммитіне қатысып, Си Цзиньпинмен және Владимир Путинмен кездесті. Сапар алдында ол Ким Чен Ынмен Қытай аумағында кездесу мүмкін екенін айтқан.
Алғашқы президенттік мерзімінде Трамп Ким Чен Ынмен үш рет — 2018 жылы Сингапурда, 2019 жылы Ханой мен Пханмунджомда кездескен, келіссөздердің басты тақырыбы КХДР-дың ядролық қарусыздануы болған. WSJ жазуынша, содан бері Пхеньянның ядролық арсеналы өсті: газеттің бағалауынша, оқтұмсықтар саны 2019 жылғы 20–30-дан қазір шамамен 60-қа жеткен. Басылымның дерегінше, Солтүстік Корея көшбасшысы енді ядролық қарудан бас тартуға да, Трамппен дос болуға да ниетті емес.



