Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

Спайкинг пен есірткі жөніндегі заң тұжырымдамалары мақұлданды

Осы тақырыптар бойынша заң жобаларын, оның ішінде есірткі құралдарының заңсыз айналымын декриминализациялау туралы құжатты, келесі жылы Құрылтайға енгізу жоспарланып отыр.

Заседание межведомственной комиссии по законопроектной деятельности в Министерстве юстиции Казахстана
Фото: Министерство юстиции РК

Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 26 қарашада реттеушілік саясаттың төрт консультативтік құжатын тұжырымдамалық тұрғыдан мақұлдады. Жаңа заңдар осы құжаттар негізінде әзірленеді. Құжаттар спайкингке, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күреске көмектесетін адамдарды көтермелеуге, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерді және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін медициналық куәландыруға, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымын декриминализациялауға қатысты. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.

Комиссия жекелеген мәселелерді заң жобаларының мәтінін әзірлеу кезінде қосымша пысықтау туралы шешім қабылдады. Оларды Құрылтайдың қарауына келесі жылы енгізу жоспарланып отыр. Нақты қандай нормалар ұсынылғанын министрлік ашып айтқан жоқ: декриминализация қандай әрекеттерге және қандай көлемде қатысты екені де әзірге белгісіз.

Отырыс Әділет министрлігінде өтті, оған министр Ерлан Сәрсембаев, комиссия мүшелері және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты заң шығарудың алдын ала кезеңі саналады: мемлекеттік орган заң жобасының мәтіні дайындалмай тұрып-ақ жаңа реттеудің не үшін қажет екенін осы құжатта негіздейді.

Спайкинг деп адамның сусынына немесе тағамына оған білдірмей бөгде заттарды, соның ішінде есірткіні қосуды айтады. Мұндайда зардап шеккен адам өзін бақылай алмай, қауіпті жағдайға тап болуы мүмкін. Қараша айының ортасында Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов үкімет сағатында полиция деректеріне сүйеніп, Қазақстанда мұндай жағдайлар тіркеліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, депутаттар спайкингке қарсы түзетулер дайындаған, бірақ ол кезде олардың мазмұнын ашпаған.

Есірткі қылмысымен күрес билік үшін басты тақырыптардың бірі болып отыр: «Кибернадзор» жүйесі арқылы ғана елде 6 мыңнан астам есірткі интернет-дүкені бұғатталды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз