Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада Мәскеуде AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйлеп, озық технологияларды Қазақстан мен Ресей серіктестігінің басты бағыты деп атады. «Озық технологиялар саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыты болатынына сенімдімін», – деген оның сөзін Ақорда баспасөз қызметі келтірді. Отырысқа Тоқаевпен бірге Ресей Президенті Владимир Путин қатысты.
Тоқаев уақыт өте келе екі ел ортақ цифрлық көлік дәлізін құруы мүмкін екенін де айтты. «Ұлттық ақпараттық жүйелердің үйлесімділігін қамтамасыз етіп, осындай инновациялық шешімдерді іс жүзінде қолдануды кеңейту маңызды. Бұл оңай міндет емес, алайда өзара ниет болса, оны шешуге болады», – деді ол бейнежазбасын Кремль жариялаған отырыста. Президенттің сөзінше, «болашақта Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыру туралы әңгіме болуы мүмкін», ал екі ел «көлік-логистика саласындағы бүкіл үрдісті айқындаушы» бола алады.
Әзірге бұл шешім емес, идея ғана: дәліздің мерзімі мен форматы аталған жоқ. Шілдеде Омбыдағы форумда Тоқаев мұндай дәлізді жүктемесі ең көп бағыттардың бірінде сынақ ретінде іске қосуды ұсынған еді.
Президент технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс пен мемлекеттер арасындағы сенім тапшылығы жағдайында жүріп жатқанына назар аударды. «Халықаралық ғылыми байланысты шектеуге, аса маңызды технологияларды осы үдеріске қатысатын тар топтың қолына шоғырландыруға тырысу жаһандық технологиялық теңсіздікті күшейтуі мүмкін. Жаңа жік сызықтарының пайда болуына жол бермеу аса маңызды деп санаймыз», – деді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның мақсаты – қысқа мерзімде толыққанды цифрлық мемлекетке айналу. «Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді болды. eGov Mobile қосымшасында азаматтардың үштен екісіне жуығы, яғни 13 миллион пайдаланушы тіркелген», – деді Президент.
Тоқаев сөзінің басында ресейлік ғалымдар мен IT-компанияларға тоқталды. «„Яндекс“ іс жүзінде Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші болып табылады», – деді ол.
Путин өз сөзінде Тоқаевтың қойған сұрағын айтып берді. Биыл «Сберге» 185 жыл толады, сонда Қазақстан Президенті: «Ол сол кезде де Сбер деп аталған ба?» – деп сұраған. «Жоқ, ол кезде жинақ кассалары деп аталған», – деп жауап берген Путин. Бұл Кремль сайтындағы стенограммада жазылған.
Ақорда сөзден үзінділерді Telegram-да жариялады:
Тоқаев Мәскеуге 25 қарашада жұмыс сапарымен барып, сол күні кешке Кремльде Путинмен кездесті. Пленарлық отырыс алдында президенттер екі елдің жасанды интеллект әзірлемелері көрмесін аралады, ал «Талант и успех» қорының басшысы Елена Шмелева оларға Астанадағы «Қазақстан-Сириус» халықаралық мектебінің жобасы туралы айтып берді. AI Journey конференциясын «Сбер» ұйымдастырады, ол Мәскеуде 26–28 қараша аралығында өтіп жатыр.



