Жапониядан келген туристің құрбысы Threads-та жазғандай, Алматы әуежайында қонақтан 14 шақырымдық такси сапары үшін 95 000 теңге талап етілген. Жазба авторы Балжан Ералханқызы қонағын өзі қарсы ала алмағандықтан, оған нақты мекенжайды алдын ала жіберіп, былай ескерткен: «Тек Яндекс Go немесе Green SM! Әуежайдағы ешқандай таксист болмасын!»
Оның айтуынша, әуежайда туристің алдынан бәрібір жергілікті таксистер шығып, оны өздеріне көндірген. Олар такси ресми екенін, ақы есептегіш бойынша төленетінін және осылай арзанырақ әрі ыңғайлырақ болатынын айтып сендірген. Сапар шамамен жарты сағатқа созылған. Банк күдікті операцияны бұғаттаған, бірақ оған дейін карточкадан 40 000 теңге шешіліп үлгерген. Жазба авторының сөзінше, жүргізуші сұраған соманы «жеңілдік» деп атаған, ал сапардан кейін туристке WhatsApp арқылы жазып, «қаланы көрсетуді» ұсына бастаған.
Бұл оқиға Балжан Ералханқызының мына жазбасынан басталды.
«Біз қонақжайлылық, туризм және Қазақстанның тартымдылығы туралы көп айтамыз, бірақ мұндай оқиғалар қандай имидж қалыптастырады? Адам біздің елге алғаш рет келіп, осыдан кейін қайтып оралғысы келмеуі мүмкін», — деп жазды ол. 26 қарашаның кешіне қарай жазба 7 мыңнан астам рет қаралды. Осы уақытқа дейін Алматы әуежайы мен полиция бұл оқиға жөнінде ештеңе хабарлаған жоқ.
«31 арна» 2026 жылғы қыркүйекте хабарлағандай, Алматыға ұшып келген шетелдіктерге әуежайда көлікті арнайы такси стойкасы арқылы шақыру ұсынылады: онда ресми агрегаторлар жұмыс істейді, ал кейбірінің бағасы шақырымға қарай тіркелген. Сол кезде Алматы полициясы Австралиядан келген туристен әуежайдан шығатын жол үшін әдеттегі шамамен 2 000 теңгенің орнына 32 000 теңге алған таксиске қатысты материалдарды ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа жолдаған. Жүргізушіге 64 мыңнан 173 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін еді.
Алматы әуежайындағы таксистерге қатысты келушілердің шағымы бірінші жыл айтылып жүрген жоқ. 2023 жылғы маусымда Алматы әкімдігі терминалдарда ресми такси қызметтерінің тарифтері жазылған стендтер қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ілінетінін, ал шетелдіктерге кедендік бақылауда такси туралы ақпараты бар парақшалар таратылатынын хабарлаған. Оған әуежайдан шыққан сапар үшін шетелдіктерден 45 мың теңге және одан да көп ақша алынған жағдайлар себеп болған. Кейін Алматы полициясы Үндістаннан келген туристерге таксиске артық төлеген ақшасын қайтаруға көмектесті.



